Еңбек шартын жұмыскердің бастамасы бойынша бұзу

    Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті еңбек шартын жұмыскердің бастамасы бойынша бұзу тәртібін түсіндіреді.

    Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 56-бабына сәйкес жұмыскер жұмыс берушіні кемінде бір ай бұрын хабардар ете отырып, еңбек шартын бұзуға құқылы. Бұл ретте еңбек шартында хабардар етудің неғұрлым ұзақ мерзімі белгіленуі мүмкін.

    Хабарлама жазбаша ресімделеді және жеке табысталуы, пошта, курьерлік байланыс арқылы не Кодексте белгіленген талаптарды сақтай отырып, электрондық тәсілмен жіберілуі мүмкін.

    Хабардар ету мерзімі аяқталғанға дейін еңбек шарты жұмыс берушінің жазбаша келісімімен бұзылуы мүмкін. Сондай-ақ жұмыскер хабардар ету мерзімі ішінде өз хабарламасын кері қайтарып алуға құқылы.

    Маусымдық жұмыскерлер үшін қысқартылған мерзім көзделген: Кодекстің 134-бабына сәйкес олар жұмыс берушіні күнтізбелік жеті күн бұрын хабардар етеді. Климаттық немесе өзге де табиғи жағдайларға байланысты белгілі бір кезең (маусым) ішінде, бірақ бір жылдан аспайтын уақыт ішінде орындалатын жұмыстар маусымдық жұмыстар деп танылады.

    Хабардар ету мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыскер жұмысты тоқтатуға құқылы. Материалдық жауапты адамдардың кінәсінен мүлікті немесе құжаттаманы қабылдау-беру аяқталмаған жағдайлар бұған кірмейді. Мұндай жағдайда қабылдау-беру аяқталған күн еңбек шартын бұзу күні болып есептеледі.

    2026 жылғы 4 тамыздан бастап қолданысқа енгізілген өзгерістерге сәйкес Кодекстің 56-бабының 5-тармағында жұмыс берушінің хабардар ету мерзімі ішінде материалдық жауапты адамдармен мүлікті және құжаттаманы қабылдау-беруді жүзеге асыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдау міндеті тікелей бекітілген. Демек, жұмыс беруші бұл рәсімді уақтылы ұйымдастыруға тиіс.

    Сондай-ақ аталған нормада жұмыс берушінің жұмыскерге еңбек қызметіне байланысты құжаттарды беру және оған тиесілі ақшалай төлемдерді Кодексте белгіленген тәртіппен төлеу міндеті көзделген.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті" жаңалықтары