2026 жылы алғашқы тоғыз айда Алматы Азия елдерінде өткен халықаралық туристік көрмелерде бес мәрте марапатталды. Осы уақыт аралығында қаланың туристік сала өкілдері шетелдік серіктестермен 500-ден астам іскерлік кездесу өткізіп, кемінде 284 келісімге қол жеткізді. Бұл туралы Алматы қаласы Туризм басқармасының өкілдері хабарлады.
Қаңтар мен қыркүйек аралығында Алматының туристік әлеуеті Үндістан, Қытай, Оңтүстік Корея, Малайзия және Жапонияда, сондай-ақ Гонконгта ұйымдастырылған жеті халықаралық көрмеде таныстырылды.
Халықаралық іс-шараларда Алматы түрлі аталым бойынша үздіктер қатарынан көрінді. Атап айтқанда, Мумбайда қалалық туризмді үздік ілгерілеткені үшін, Гуанчжоуда ең танымал мәдени бағыт ретінде, ал Сеулде көрме стендінің үздік мазмұны үшін марапатталды. Гонконгта Алматы стендінің жұмысы арнайы жүлдеге ие болса, Куала-Лумпурда қаланың мәдени бағдарламасы үздік деп танылды.
Көрмелер аясында Алматының туристік компаниялары шетелдік туроператорлармен, әуе тасымалдаушыларымен, қонақ үй желілерімен және туристік қауымдастықтармен келіссөздер жүргізді. Кездесулер барысында қаланың туристік мүмкіндіктерін халықаралық нарықта ілгерілету, жаңа бағыттар әзірлеу және өзара ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар халықаралық көрмелерде Almaty Tourism Day атты Алматы туризмі күндері ұйымдастырылды. Арнайы іс-шараларда жергілікті компаниялар қызметін шетелдік серіктестерге таныстырып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастырды.
Алматының туристік әлеуетін таныстыру кезінде мәдени, гастрономиялық, оқиғалық және тау туризміне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ қала мен оның айналасындағы табиғи көрікті жерлер шетелдік туристік нарық өкілдеріне ұсынылды.
Алматы қаласы Туризм басқармасының мәліметінше, халықаралық көрмелерге қатысу Азия елдерінің туристік индустриясымен іскерлік байланысты нығайтуға, жаңа серіктестер тартуға және Алматыны халықаралық туристік бағыт ретінде кеңінен танытуға мүмкіндік берді.









