Өкілеттік мерзімі және депутаттық құрам. VIII шақырылымдағы Екібастұз қалалық мәслихатының қызметі 2023 жылғы 31 наурыздан 2026 жылғы 12 қазанға дейін жүзеге асырылды. Депутаттық корпус 15 депутаттан құралды: «AMANAT» партиясынан – 10 депутат, «Ауыл» партиясынан – 2 депутат, «Ақ жол» партиясынан – 1 депутат және өзін-өзі ұсынған 2 депутат. Депутаттық құрамның сапалық жаңаруы 40%-ды құрады. Мәслихат құрылымында 5 тұрақты комиссия және 1 жұмыс тобы жұмыс істеді.
Нормашығармашылық қызмет.Есепті кезеңде 51 сессия өткізіліп, 400-ден астам шешім қабылданды. Оның ішінде 102 нормативтік құқықтық акт Қазақстан Республикасы әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өтті. Тұрақты комиссиялар 126 отырыс өткізді, оның ішінде 66 кеңейтілген және 20 көшпелі отырыс ұйымдастырылды.
Бюджет және жоспарлау. Екібастұз қаласының үш жылдық бюджетін және төртінші деңгейдегі бюджеттерді қоса алғанда, негізгі қаржылық құжаттардың уақтылы қаралуы мен бекітілуі қамтамасыз етілді. Бюджет параметрлерін нақтылау және түзету жұмыстары тұрақты комиссиялардың кеңейтілген отырыстарында және мәслихат сессияларында жүйелі түрде жүргізілді.Екібастұз қаласын 2025 жылға дейін әлеуметтік-экономикалық дамыту жөніндегі Кешенді жоспар іс-шараларының орындалуына бақылау жүзеге асырылды. Сонымен қатар қаланы дамытудың орта мерзімді негізгі құжаты – Екібастұз қаласын дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған жоспары бекітілді.
Әлеуметтік және жер саясаты. Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген жас мамандарды әлеуметтік қолдау және тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері жүйелі түрде қаралды. Қаланың сәулеттік келбетін жаңарту және нормативтік базаны Бас жоспарға сәйкестендіру мақсатында 2012 жылы бекітілген ескірген 13 егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына (ЕЖЖ) қатысты шешімдердің күші жойылды. Қаланы дамытудың Кешенді жоспарын іске асыру аясында мәслихат депутаттары Екібастұз қаласының бірыңғай дизайн-кодын қарастырып, бекітті. Сондай-ақ Екібастұз қаласының 2025–2029 жылдарға арналған жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі бес жылдық стратегиялық жоспары бекітілді.
Сайлау және алқалы органдардың қызметі. Екібастұз өңірінің сайлау органдарын уақтылы қалыптастыру және олардың құрамын өзектендіру қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, қалалық аумақтық, 15 округтік және 65 учаскелік сайлау комиссиясының құрамы жаңартылып, барлығы 561 адамды қамтыды. Атқарушы билікпен бірлескен жұмыс аясында депутаттар әкімдік жанындағы 20 тұрақты алқалы және консультативтік-кеңесші органның құрамына кіріп, қаланың күнделікті тыныс-тіршілігіне қатысты өзекті мәселелерді шешуге тікелей қатысты.
Тарифтік реттеу және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық. Екібастұз қаласы мен Шідерті поселкесі үшін қатты тұрмыстық қалдықтардың түзілуінің экономикалық негізделген нормалары, сондай-ақ оларды жинау, тасымалдау, сұрыптау және көму тарифтері бекітілді. Бұл елді мекендердің санитариялық тазалығын тұрақтандыруға мүмкіндік берді.Қоғамдық көлікте жол жүрудің сараланған тарифін енгізу келісілді. Бұл тасымалдаушылар кірістерінің ашықтығын қамтамасыз етуге, есеп айырысуды цифрландыруды жеделдетуге және автобус паркін жаңартуға жағдай жасауға бағытталды. Қоғамдық тыңдаулар барысында депутаттар жылумен жабдықтау тарифін көтерудің бастапқыда ұсынылған 64%-дық мөлшерін 41%-ға дейін төмендетуге қол жеткізді.
Жылу беру маусымының тұрақтылығы және экологиялық қауіпсіздік. Көшпелі комиссия отырыстары аясында депутаттар Екібастұз ЖЭО-ны және магистральдық жылу желілерін жаңғырту нысандарында тексеру жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясындағы энергетикалық жабдық өндіруші зауыттарға да барды. Жылу беру маусымына сапалы дайындық мәселелері бойынша көпқабатты және жеке тұрғын үйлердің тұрғындарымен 197 кездесу өткізілді. 2025 жылдың соңында экология мәселелері бойынша құрылған жұмыс тобы қаланың тіршілігін қамтамасыз ететін негізгі кәсіпорындарға көшпелі іс-шаралар ұйымдастырды. Жылу және энергия көздеріндегі күл ұстау сапасы, жасыл белдеулердің жай-күйі және көмір кеніштері үйінділерінің жағдайы зерделенді. Жұмыс тобының қорытындысы бойынша кәсіпорындардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға бағытталған бірқатар ұсыным әзірленді.
Халықпен кері байланыс. Есепті кезеңде азаматтарды 300-ге жуық жеке қабылдау өткізілді. Атқарушы органдарға 350-ден астам депутаттық сауал жолданды. 200-ден астам өтініш қаралды. Оның 65%-ы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен абаттандыру мәселелеріне, ал 35%-ы әлеуметтік салаға қатысты болды.
Қоғамдық және ақпараттық қызмет. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан ерекше үлесі, белсенді азаматтық ұстанымы және көпжылдық жемісті еңбегі үшін есепті кезеңде Екібастұз қалалық мәслихатының шешімімен 12 көрнекті азаматқа «Екібастұз қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді. Сонымен қатар еңбек жетістіктері мен қаланың қоғамдық өміріне қосқан үлесі үшін 500-ден астам өндіріс озаты мен белсенді азамат мәслихаттың Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталды.
Мәслихаттың нормашығармашылық қызметі туралы халықты уақтылы ақпараттандыру қамтамасыз етілді. Мәслихат сессиялары онлайн режимде көрсетіліп, қабылданған шешімдер мен қызметтің негізгі бағыттары туралы ақпараттың жариялылығына назар аударылды.









