ІІМ-де «Болашақ тергеушілер» республикалық форумы өтті

    Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінде еліміздің жоғары оқу орындарында заң мамандықтары бойынша білім алып жүрген студенттерді, құқық қорғау органдарының, сот жүйесінің, адвокатура мен қоғам өкілдерін біріктірген «Болашақ тергеушілер» республикалық форумы өтті.
    Форумның негізгі мақсаты – болашақ заңгерлерді ішкі істер органдарындағы қызметтің ерекшеліктерімен таныстыру, жастардың тергеуші мамандығына деген қызығушылығын арттыру және қазақстандық полицияның кадрлық әлеуетін қалыптастыру.
    Іс-шара бағдарламасы Ішкі істер министрлігіне ұйымдастырылған танымдық экскурсиядан басталды. Студенттер Жедел басқару орталығын, криминалистикалық зертханаларды және ІІМ музейін аралап, Қазақстанның ішкі істер органдарының қалыптасу және даму тарихымен танысты.
    Қатысушылардың ерекше қызығушылығын полиция қызметінде қолданылатын заманауи техникалық құралдардың таныстырылымы тудырды. Болашақ мамандарға ұшқышсыз ұшу аппараттары, жылжымалы криминалистикалық зертхана, арнайы техника және қылмыстарды ашу мен тергеу барысында пайдаланылатын өзге де мүмкіндіктер көрсетілді.
    Форумның ресми бөлімінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры Санжар Әділов сөз сөйледі.
    Кездесу барысында жас мамандардың кәсіби қалыптасуы, полиция қызметкерлерінің қоғам алдындағы жауапкершілігі, заңдылықты сақтау және болашақ мамандықты саналы түрде таңдау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
    Форумның маңызды бөлімдерінің бірі – студенттердің түрлі кәсіби сала өкілдерімен ашық диалогы болды.
    Спикерлер қатарында Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Айжан Құлбаева, Астана қаласы Полиция департаменті Тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Әлима Жамалиева, ішкі істер органдарының ардагері Гүлбаршын Новаева және адвокат Әсет Әлиев болды.
    Сондай-ақ жастармен тәжірибесін ММА бойынша әлем чемпионы, жаттықтырушы Василий Тахтай және қазақстандық танымал күш атасы, әлемдік рекорд иегері Сергей Цырульников бөлісті.
    Қатысушылар болашақ тергеушіге қажетті кәсіби және жеке қасиеттерді, қылмыстық істерді тергеудің ерекшеліктерін, тергеу органдары мен адвокатураның өзара іс-қимылын, сондай-ақ қызмет барысында тәртіптің, дене дайындығы мен психологиялық тұрақтылықтың маңызын талқылады.
    Ашық диалог барысында студенттер тәжірибелі мамандарға тікелей сұрақ қойып, олардың қызмет ерекшеліктері, кәсіби қиындықтары және құқық қорғау органдарында мансап құру мүмкіндіктері туралы ақпарат алды.
    Форумның ресми бөлімі қатысушылар мен құрметті қонақтардың бірлескен суретке түсуімен аяқталды. Іс-шараның жалғасы шығармашылық ұжымдар мен қазақстандық орындаушылардың қатысуымен өткен мерекелік концерттік бағдарлама болды.
    «Болашақ тергеушілер» республикалық форумы кәсіби пікір алмасуға, тәжірибе бөлісуге және Ішкі істер министрлігі мен еліміздің жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға арналған маңызды алаңға айналды.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Батыс Қазақстан облысының Полиция департаменті" жаңалықтары