
Ішкі істер министрлігі Оқу-ағарту министрлігімен және "Bilim Group Ltd" компаниясының IT-мамандарымен бірлесіп, "BilimClass" білім беру платформасына "Заң мен Тәртіп" инновациялық инфрақұрылымын енгізу бойынша бірлескен жобаны іске асыруға кірісті. Аталған платформа еліміздегі мектептерде электрондық күнделік ретінде пайдаланылады.
Бастаманың негізгі мақсаты - бір реттік дәрістерден есірткіге қатысты құқық бұзушылықтар мен нашақорлықтың алдын алудың жүйелі онлайн форматына көшу. Жоба аясында мамандардың қатысуымен тұрақты вебинарлар өткізу, педагогтерді онлайн оқыту және ата-аналар қауымдастығымен виртуалды кездесулер ұйымдастыру көзделген.
"Заң мен Тәртіп" инфрақұрылымын "BilimClass" платформасына енгізу арқылы оқушылар, ата-аналар және педагогтер тұрғылықты жеріне қарамастан құқықтық және профилактикалық ақпаратты бірдей ала алады.
Цифрлық платформа 2,5 млн-нан астам оқушыны, 350 мың педагогті және 5 млн-нан астам ата-ананы біріктіріп, 5 мыңнан астам мектепті қамтиды.
Платформадағы профилактикалық материалдар үш негізгі санатқа бөлінген:
"Оқушы" - құқық бұзушылықтың алдын алуға арналған интерактивті тесттер, бейнероликтер мен электрондық буклеттер орналастырылады. Сонымен қатар оқушыларға волонтерлік қызмет туралы және ішкі істер органдарының оқу орындарына түсу мүмкіндіктері жөнінде ақпарат беріледі.
"Ата-ана" - баланың мінез-құлқындағы қауіп белгілерін ерте анықтауға көмектесетін құралдар, "Әр үйге тест" бағдарламасы және қажет болған жағдайда хабарласуға болатын анонимді сенім қызметтерінің байланыстары ұсынылады.
"Педагог" - мұғалімдерге оқушылармен күнделікті профилактикалық жұмыс жүргізуге көмектесетін әдістемелік ұсынымдар мен цифрлық құралдар ұсынылады.
Платформаның басты артықшылығы - білім беру процесінің барлық қатысушылары арасында үздіксіз қашықтан өзара іс-қимыл жасау мүмкіндігі.
Алдағы уақытта ІІМ платформаның функционалдық мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтуді жоспарлап отыр. Жүйеге лудоманияның алдын алу, жол және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ балаларды интернет кеңістігіндегі өзге де қауіп-қатерлерден қорғауға арналған жаңа өзекті бөлімдер қосылады.








