Бүгінгі айтыс аудан төрінде бабадан қалған асыл мұрамыз жаңғырып, еліміздің айтыс өнеріне сүбелі үлес қосқан айтыскер ақынымыз Жарқынбек Наушабековты еске алуға арналды.
Жарқынбек Наушабеков арамыздан ерте кетсе де, артына өшпес із, сарқылмас мұра қалдырды. Ол мектеп қабырғасынан бастап киелі сахнаға шығып, жиырмаға жуық бас жүлдені бағындырған, облыстың ең үздік ақыны атанған нағыз сөз дүлдүлі еді.
Ақынын ардақтаған алашы барда, Жарқынбектің жалынды жырларымен, жарқын бейнесі, ел жадында сақтала береді.Бүгін осы жыр додасына жиналған жүйріктер ақынның мұрасын арқау етіп, аламанды сағынған көрермендеріне рухани серпіліс сыйлады.
Жыр сайысының ашылу салтанатына аудан әкімі Арман Абдуллаев арнайы қатысып, айтыскер ақындарға сәттілік тіледі. Айтыс аламанында елімізге белгілі сөз шеберлері мен облыс көлеміндегі жас ақындар бақ сынасты. Ақындар арасындағы құрдастық әзіл, іні мен аға арасындағы сыйластық, жастық жігер мен елдік тақырыптар кеңінен көрініс тапты.
Бәйгеге түскен ақындардың өнерін әділ әрі кәсіби қазылар алқасы бағалап, үздіктерге жүлделі орындар тағайындалды. Айтыс қорытындысы бойынша бас жүлде – Нұрғали Әнапия (Сарыағаш қаласы), І орын – Айбек Қалиев (Арқалық қаласы), ІІ орын – Бекарыс Шойбеков (Түркістан қаласы) ІІІ орын иегерлері: Мейрамбек Сұлтанхан(Қылылорда облысы), Шұғайып Сезімхан (Алматы қаласы), Аян Ниязбек (Шымкент қаласы), Нұрлыбек Мейірманов (Шымкент қаласы)
Айтысқа қатысқан барлық ақындарға арнайы жүлделер табысталды.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі









