2026 жылғы 14 қазанда Павлодар облысы М. М. Катаев атындағы Оқушылар сарайында «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының IX облыстық слеті өтті. Іс-шараға қалалық және аудандық іріктеу кезеңдерінің жеңімпаздары, сондай-ақ облыстық мамандандырылған мектептердің өкілдері қатысты.
Слеттің басты мақсаты – оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыру және өскелең ұрпақ арасында адалдық, әділдік пен заңға құрмет құндылықтарын насихаттау.
Қатысушылар үш бағыт бойынша бақ сынады. Алғашқы кезеңде командалар «Адал ұрпақ – әділетті қоғам» тақырыбында музыкалық-театрландырылған қойылымдар ұсынды. Цифрлық презентациялар мен жасанды интеллект көмегімен әзірленген бейнероликтер байқауында клубтардың жұмысы таныстырылды. Ал «Сенің дауысың» шешендік сайысында команда капитандары өз ойларын дәлелдеп, көпшілік алдында сөйлеу және сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерін көрсетті.
Слет қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:
I орын – Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған №3 гимназияның «Ардақ» командасы;
II орын – Павлодар ауданының «Мирас» командасы;
III орын – Аққулы ауданының «Таза ниет» командасы.
Бас жүлде – Гран-при Қ. Сәтбаев атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназияның «TrueWae» командасына берілді.
Сондай-ақ слетке қатысқан жеті команда сертификаттармен марапатталды. Олардың қатарында Ақсу қаласының «ADAL TEAM», Ақтоғай ауданының «Ақиқат», Тереңкөл ауданының Песчан орта жалпы білім беру мектебінің «Адал РУХ», Баянауыл ауданының «Адалдық сақшылары», Ертіс ауданының «Жарқын болашақ», Шарбақты ауданының «Адал жандар» және Успен ауданының «Парасат» командалары бар.
«Адал ұрпақ» клубтарының облыстық слеті оқушылардың азаматтық ұстанымын нығайтуға, көшбасшылық қабілеттерін дамытуға және жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды алаңға айналды.









