Қаратал ауданының әкімі Тастөбе ауылының тұрғындарымен кездесті
2026 жылғы 14 қазанда Тастөбе ауылындағы Мәдениет үйінде Қаратал ауданының әкімі У. Досымбековтің Тастөбе ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуі өтті.
Кездесу Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы № 826 «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес ұйымдастырылды.
Кездесу басталмас бұрын аудан әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, тұрғындардың өтініштерін тыңдап, тиісті түсініктемелер берді.
Кездесу барысында аудан басшысы Қаратал ауданының 2026 жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндап, жыл соңына дейінгі жоспарлар мен алдағы міндеттерге тоқталды.
Ашық диалог барысында ауыл тұрғындары ауыл инфрақұрылымын дамыту және қажетті қызметтермен қамтамасыз етуге қатысты бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, мал айдауға арналған өткел салу, жергілікті ветеринар маманға қызметтік көлік бөлу, егістік алқаптарды суару суымен қамтамасыз ету, ауызсу тарифінің құны және ауыл көшелерін жарықтандыру мәселелері талқыланды.
Аудан әкімі тұрғындардың өтініштерін тыңдап, қойылған сұрақтарға жауап берді. Қосымша зерделеуді және тиісті шаралар қабылдауды қажет ететін мәселелер бойынша жауапты бөлім басшыларына тапсырмалар беріліп, оларды одан әрі пысықтау міндеттелді.
Мұндай кездесулер жергілікті атқарушы органдар мен тұрғындар арасындағы ашық диалогты нығайтуға, халықты толғандырған мәселелерді дер кезінде анықтауға және оларды шешу жолдарын айқындауға мүмкіндік береді. Тұрғындардың өтініштерін қарау және берілген тапсырмалардың орындалуы белгіленген тәртіппен жалғасады.









