Абай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесінде ҚАЖ ардагері, әділет майоры Адлет Мұсратұлы Рахимжановтың құрметіне арналған шағын футболдан турнир өтті. Спорттық іс-шара ҚАЖ қызметкерлерін, қызмет ардагерлерін және өмірін заңға адал қызмет етуге арнаған азаматтың туған-туыстарын біріктірді.
Адлет Мұсратұлы Рахимжанов ҚАЖ органдарындағы қызметін 2001 жылы Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ басқармасының ОВ-156/18 мекемесінде сотталғандар арасында тәрбие жұмысын жүргізу бөлімінің жасақ бастығы лауазымынан бастаған. Мінсіз қызмет еткен жылдары ол түрлі басшылық лауазымдарда еңбек етіп, кәсіби жолдан өтті. Ал 2016 жылы Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты ОВ-156/16 мекемесінің бастығы болып тағайындалды.
2020 жылы Адлет Мұсратұлы еңбек демалысына құрметпен шықты. Өкінішке қарай, 2021 жылы өмірден өтті. Артында принципшіл басшы, дана тәлімгер және жоғары адамгершілік қасиеттерімен ерекшеленген азамат ретінде жарқын естелік қалдырды.
Бүгінде әке жолын оның ұлы Азамат Адлетұлы Мұсратов жалғастырып келеді. Ол әкесі кезінде басшылық еткен сол мекемеде бақылаушылар қызметі бөлімінің бақылаушысы болып қызмет атқарады. Бұл — ұрпақтар сабақтастығы мен таңдаған мамандыққа адалдықтың жарқын үлгісі.
Турнирге Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментінің, пробация қызметінің және №19, №20, №21 мекемелердің атынан бес команда қатысты.
Іс-шараның құрметті қонақтары қатарында Адлет Мұсратұлының анасы, жұбайы Жазира Рахимжанова, әпкесі, басқа да туыстары, ҚАЖ ардагерлері мен мекеме қызметкерлері болды.
Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Абай облысы бойынша ҚАЖ департаментінің командасы иеленді. Екінші орынға №20 мекеменің командасы ие болса, үшінші орынды №19 мекеменің командасы қанжығасына байлады.
— Отбасымыз үшін Адлет Мұсратұлы туралы естеліктің әріптестері мен достарының жүрегінде сақталғанын көру — үлкен мәртебе. Ол әрдайым өз жұмысына бар күш-жігерін арнап, ұжымның жағдайына шын жүректен алаңдайтын және қызметін өзінің өмірлік жолы деп білетін. Оны еске алып, отбасымызға көңіл бөліп, қолдау көрсетіп отырған ҚАЖ басшылығы мен қызметкерлеріне алғысымды білдіремін. Біз үшін бұл өте қымбат, — деп бөлісті Жазира Рахимжанова.
— Адлет Мұсратұлы жоғары кәсібилігімен, әділдігімен және қызметіне шынайы берілгендігімен ерекшеленген басшы болды. Ол көптеген қызметкерлерге тәлімгер болып, ҚАЖ тарихында өзіндік із қалдырды. Осындай турнирлер қызметіне адал еңбек етіп, жүйенің беделін арттыруға үлес қосқан азаматтардың есімін ұмытпай, олардың өнегесін сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жас қызметкерлердің өз мамандығына деген құрметін арттырып, ұрпақтар сабақтастығы мен командалық рухты қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл турнир тек спорттық жарыс қана емес, сонымен қатар адалдығы, кәсібилігі мен адамгершілік қасиеттері бүгінгі қызметкерлерге үлгі болып отырған ҚАЖ ардагерлеріне деген құрметтің белгісі болды, — деп атап өтті мекеме бастығының міндетін атқарушы Рүстем Берлібеков.









