Абай облысындағы ҚАЖ жүйесінің әйелдер мекемесінде қазақ халқының бай рухани мұрасын, ұлттық мәдениеті мен ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлерін дәріптейтін Ұлттық домбыра күніне орай салтанатты іс-шара өтті.
Іс-шара барысында қатысушылар домбыраның шығу тарихы, оның қазақ халқының өміріндегі ерекше орны және күй өнерінің бірегей музыкалық мұра ретіндегі маңызы туралы әңгімеледі. Қазақтың белгілі күйші-композиторларының халық тарихын, салт-дәстүрі мен дүниетанымын бейнелейтін шығармалары орындалды. Мерекелік шара қатысушыларға ұлттық өнермен жақынырақ танысып, қазақ мәдениетінің басты символдарының бірі — домбыраның құдіреті мен терең үнін сезінуге мүмкіндік берді.
Іс-шараға түрлі ұлт өкілдерінен құралған 20-дан астам сотталған әйел қатысты. Олардың қатарында қазақ, орыс және өзбек ұлтының өкілдері бар.
Мекемедегі тәрбие жұмысының маңызды бағыттарының бірі — тұрақты жұмыс істейтін домбыра үйірмесі. Үйірмені орындаушылық шеберлігі жоғары сотталған әйел басқарады. Оның жетекшілігімен қатысушылар ұлттық аспапта ойнаудың қыр-сырын үйреніп, дәстүрлі күйлерді меңгереді, шығармашылық қабілеттерін дамытып, қазақ халқының рухани құндылықтарына жақындай түседі.
Іс-шара барысында үйірме қатысушылары күйлер мен халықтық музыкалық шығармаларды орындап, домбырада ойнау дағдыларын көрсетті. Олардың өнері жиналғандардың қызығушылығын оятып, жылы қошеметке бөленді.
— Мен үшін домбыра тарту қазақ мәдениетінің байлығын жаңаша тануға мүмкіндік берді. Әр сабақ жан тыныштығын табуға, шығармашылық тұрғыдан дамуға және ұлттық дәстүрлерге құрметпен қарауға көмектеседі. Осындай үйірменің мүшесі болғаныма қуаныштымын. Мұндай іс-шаралар рухани құндылықтарымызды еске салып, жақсы жаққа өзгеруге ынталандырады, — деп бөлісті сотталған әйелдердің бірі.
— Ұлттық домбыра күні — әртүрлі ұлт пен ұрпақ өкілдерін ортақ рухани құндылықтар төңірегіне біріктіретін мереке. Мекемеде осындай іс-шараларды өткізу Қазақстанның мәдени мұрасын сақтауға, ұлттық дәстүрлерге құрметпен қарауды қалыптастыруға, сотталғандардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға және өзара түсіністікті нығайтуға ықпал етеді. Өнер мен мәдениет арқылы тұлғаның рухани дамуына және сотталғандардың қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасаймыз, — деп атап өтті мекеме бастығының орынбасары Ақмарал Қайранова.









