Ақтөбе облысы Шалқар ауданының Мөңке би ауылында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 12 жоба қолдау тапты. Соның бірі - Динара Кенжалинаның жылыжай шаруашылығы.
Халқы 1061 адамды құрайтын Мөңке би ауылында кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бастамалар жүзеге асырылып келеді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында ауыл тұрғындары өз кәсібін бастап, жергілікті өндірісті дамытуға мүмкіндік алуда.
Динара Кенжалина 2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 7 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, жылыжай шаруашылығына кіріскен. Қазір ол қияр мен қызанақ өсіріп, өнімін Шалқар қаласындағы көтерме сауда орындары және ауылдық елді мекендердегі дүкендерге жеткізіп отыр.
Биыл жылыжайдан қияр мол жиналыпты, тұтынушылар тарапынан сұранысқа ие.
Мөңке би ауылында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша қолдау тапқан 12 жоба тұрғындардың кәсіпкерлік бастамаларын жүзеге асыруға жол ашты. Бұл - ауылдағы экономикалық белсенділікті арттыруға және жергілікті өндірісті дамытуға бағытталған жұмыстардың жалғасы.








