2026 жылдың тоғыз айындағы Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған міндеттер облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында қаралды.
Отырыста экономиканың негізгі салаларындағы оң динамиканы сақтау, инвестициялық белсенділікті арттыру және жылдық жоспарлардың орындалуын қамтамасыз ету мәселелеріне басымдық берілді.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Адайбек Есенаманов баяндама жасап, өңір дамуының негізгі көрсеткіштерін таныстырды.
2026 жылғы қаңтар–қыркүйек қорытындысы бойынша облыстың қысқамерзімді экономикалық индикаторы 101,8%-ды құрады. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, негізгі капиталға салынған инвестициялар, сауда және тұрғын үй құрылысы сияқты жеті негізгі көрсеткіштің алтауы бойынша оң динамика қалыптасты.
Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,3 трлн теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 101,1%-ды құрады. Ауыл шаруашылығында 337,1 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, көрсеткіш 102,8%-ға жетті.
Құрылыс саласында 12,3%-дық өсім тіркелді. Орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 353,3 млрд теңге. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 880,3 млрд теңгеге жетіп, былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,7%-ға өсті.
Өңірдегі тауар айналымы 2 трлн теңгені құрап, өсім 1,3% болды. Тоғыз айда облыста 633 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,9%-ға жоғары.
Жиын барысында Ақтөбе қаласы мен облыс аудандарының даму қарқыны да қаралды. Қатысушылар инвестициялық жобалардың іске асырылу барысын, өндірістік қуаттарды дамыту, құрылыс пен инфрақұрылым мәселелерін, сондай-ақ жергілікті жерлердегі экономикалық белсенділікті одан әрі арттыру мүмкіндіктерін талқылады.
Өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға баса назар аударылды. Қала және аудан әкімдеріне бейінді басқармалармен бірлесіп, кәсіпорындар және инвесторлармен жұмысты жандандыру, перспективалы жобаларды сүйемелдеу және оларды іске асыруда туындайтын мәселелерді уақытылы шешу тапсырылды.
Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік пен құрылыс саласын дамыту, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашу маңызды бағыттардың бірі болып қала бермек. Бұл бағыттардағы жүйелі жұмыс облыстың экономикалық әлеуетін нығайтып, жыл қорытындысы бойынша жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Отырысты қорытындылаған облыс әкімі Асхат Шахаров мемлекеттік органдар жұмысының үйлесімділігін қамтамасыз етіп, нысаналы көрсеткіштердің орындалуын бақылауды күшейту қажеттігін атап өтті.
«Тоғыз айдың қорытындысы бойынша облыс экономикасының негізгі бағыттарында оң динамика сақталып отыр. Біздің міндетіміз – қол жеткізілген нәтижелерді бекітіп, жылдық жоспарлардың толық орындалуын қамтамасыз ету. Ол үшін бейінді басқармалар мен қала, аудан әкімдіктерінің өзара іс-қимылын күшейтіп, кәсіпорындар және инвесторлармен жұмысты жандандыру қажет. Жобаларды іске асыру барысында туындайтын мәселелерді уақытында шешу маңызды. Инвестиция тарту, өндірісті дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және жаңа жұмыс орындарын ашуға назар аудару керек. Әрбір басшы өз бағыты бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп, нақты нәтижелерге бағдарлануы және жүктелген міндеттердің орындалуын тұрақты бақылауда ұстауы тиіс. Жыл соңына дейін облыс экономикасын одан әрі дамыту үшін қолда бар мүмкіндіктерді барынша пайдалану қажет», – деді өңір басшысы.
Кеңес қорытындысы бойынша жауапты басшыларға әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі бағыттары бойынша жұмысты жалғастыру, бизнеспен өзара іс-қимылды күшейту және 2026 жылдың соңына дейін белгіленген нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізуді қамтамасыз ету міндеттелді.









