Темір ауданында ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың еркін жүріп-тұруына, әлеуметтік өмірге белсенді араласуына және қажетті қызметтерге кедергісіз қол жеткізуіне мүмкіндік беретін «Инватакси» қызметі тұрақты көрсетіліп келеді.
Аталған қызмет тұрғындардың күнделікті қажеттіліктерін өтеуге, медициналық мекемелерге баруына, білім алуына, еңбек етуіне және мемлекеттік әрі әлеуметтік нысандарға жетуіне қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Бұл – мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдаудың және қоғамдағы тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етудің маңызды тетіктерінің бірі.
Қазіргі таңда Темір ауданында 945 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Олардың ішінде күн сайын 20-25 адам «Инватакси» қызметін пайдаланады. Арнайы көлік, әсіресе, өздігінен жүріп-тұруы қиын және мүгедектер арбасын пайдаланатын азаматтар үшін маңызды.
2026 жылы қызмет мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «ProffContact» қоғамдық бірлестігімен жасалған келісімшарт негізінде жүзеге асырылуда. Қызмет көрсетуге тартылған арнайы көліктер мүгедектер арбасын пайдаланатын жолаушыларды қауіпсіз тасымалдауға қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген.
«Инватакси» қызметінің негізгі мақсаты - азаматтардың жүріп-тұруына байланысты кедергілерді азайтып, олардың қоғамдық өмірге араласуына қолдау көрсету. Қолжетімді көлік қызметі әлеуметтік инфрақұрылымды пайдалану мүмкіндігін арттырып, тұрғындардың күнделікті тұрмысын жеңілдетуге ықпал етеді.
Алдағы уақытта Темір ауданында қызметтің қамту аясын кеңейту, көрсетілетін қызмет көлемін арттыру, елді мекендердегі қолжетімділікті жақсарту және материалдық-техникалық базасын нығайту жоспарланып отыр.
Бұл бағыттағы жұмыстар ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және ауданда кедергісіз орта қалыптастыруға бағытталған.









