Қазан айының екінші жексенбісінде атап өтілетін «Мүгедектігі бар азаматтар күніне» орай, Шымкент қаласында «Біз біргеміз – бәрін бірдей қолдаймыз» атты мерекелік іс-шара өтті. Жиынды қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «TEN QOGAM» әлеуметтік қолдау орталығы ұйымдастырды. Жастар ресурстық орталығында өткен мерекелік жиынға 300-ге жуық мүмкіндігі шектеулі азаматтар, ерекше балалар мен олардың аналары қатысты.
Қоғамдағы тең мүмкіндіктерді дәріптеу, инклюзивті ортаны қалыптастыруды мақсат еткен жиын аясында «Тең мүмкіндік – шығармашылыққа жол» атты көрме ұсынылды. Онда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қолынан шыққан түрлі қолөнер бұйымдары көпшілікке таныстырылды. Солардың ішінде қалалық №1 стационар жағдайдағы орталықтың қызмет алушылары дайындаған ерекше макеттер көпшіліктің назарын аударды. Орталықтың мәдени ұйымдастырушысы Оңалбек Үсеновтің сөзінше, мекемеде 225 адам қызмет алады. Олардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру және шығармашылыққа баулу мақсатында орталықта түрлі жұмыстар жүргізіледі.
– Көрмеге орталықтағы қызмет алушылардың өз қолдарымен жасаған бұйымдарын алып келдік. Солардың ішінде Парламент үйінің макеті бар. Оның көмегімен Қазақстан Республикасының Әнұранын тыңдауға болады. Сондай-ақ қызмет алушылар мешіттің макетін жасауды үйренді. Оның ішіне жарық орнатып, Құран сүрелерін тыңдау мүмкіндігі қарастырылған. Мұндай шығармашылық жұмыстар балалардың қызығушылығын арттырып, олардың уақытын тиімді өткізуіне, өзара қарым-қатынас орнатып, бірлесе жұмыс істеу дағдыларын дамытуына көмектеседі», – деді Оңалбек Үсенов.
Көрмеден кейін мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Кеш барысында цирк әртістері акробатикалық нөмірлерін ұсынып, әншілер әсем әндер орындады. Сондай-ақ би ұжымдары өнер көрсетті. Өнерпаздардың өнері мерекелік көңіл күй сыйлап, көрермендердің ықыласына бөленді.
Айта кетейік, Шымкент қаласында 44 мыңға жуық мүгедектігі бар азамат тіркелген. Олардың шамамен 9 мыңы – 18 жасқа дейінгілер. Қала бойынша оларға қызмет көрсететін 12 орталық бар. Осы уақытқа дейін 3500-ге жуық қызмет түрі ұсынылған.








