ҚР ТЖМ «Апаттар медицинасы орталығы» ММ Қостанай облысы бойынша филиалының фельдшері Андрей Хайретдинов өзінің кәсіби жолы, қызметіндегі қиындықтар мен жұмысының басты құндылықтары туралы айтып берді.
Хайретдинов Андрей Анасович – ҚР ТЖМ «Апаттар медицинасы орталығы» ММ Қостанай облысы бойынша филиалының жедел әрекет ету бригадасының фельдшері.
Ол өзінің кәсіби еңбек жолын 2015 жылы Қарағанды медициналық колледжін тәмамдағаннан кейін бастаған. Жедел жәрдем қызметінде, емханада және шұғыл медициналық көмек көрсету қызметінде жұмыс істеген. 2022 жылы Апаттар медицинасы орталығында қызмет етуді саналы түрде таңдаған.
Бүгінде оның басты міндеті – төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсету, олардың жағдайын тұрақтандыру және медициналық мекемелерге қауіпсіз жеткізу.
Андрей Анасовичтің есінде әсіресе қыс мезгіліндегі жаппай жол-көлік оқиғалары мен су тасқыны кезіндегі жағдайлар сақталған. Мұндай сәттерде шешімді санаулы минуттардың ішінде қабылдау қажет.
«Ең қиыны – үнемі дайын болу және күрделі жағдайда шұғыл шешім қабылдай білу», – дейді фельдшер.
Ол Апаттар медицинасы орталығында қызмет еткен жылдары бригадасының стационарға тасымалдау кезінде бірде-бір зардап шегушіні жоғалтпағанын ерекше мақтан тұтады.
Негізгі қызметімен қатар, ол жас мамандарды оқытуға, тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге және заманауи даярлау әдістерін енгізуге ерекше көңіл бөледі.
Жауапкершілігі жоғары қызметінде оған отбасы мен ұжымы әрдайым сенімді тірек болып келеді.
Жас мамандарға ол мынадай кеңес береді: «Дағдыларыңызды автоматты деңгейге дейін жетілдіріңіздер. Төтенше жағдай кезінде ойланып, еске түсіруге уақыт болмайды – қолдарыңыз не істеу керектігін өздігінен білуі тиіс. Ең бастысы – бір-біріңізді құрметтеңіздер, өйткені біз бір командамыз».
Андрей Хайретдинов үшін Апаттар медицинасы орталығындағы қызмет – жай ғана мамандық емес, саналы түрде жасалған таңдау. Егер мүмкіндік берілсе, ол осы жолды қайта таңдар еді.









