19 қазанда атап өтілетін Құтқарушылар күні қарсаңында біз Жамбыл облысы ТЖД қызметкерлері туралы жарияланымдар сериясын бастаймыз. Бұл – күн сайын қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, қиын сәтте көмекке келетін және құтқарушы мамандығының мәнін өз ісімен көрсететін батырлардың оқиғалары.
Алғашқы кейіпкеріміз – Ерсайын Жаркынбекұлы, Тараз қаласындағы № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғау кіші сержанты. Талас ауданының Есейхан ауылында дүниеге келген Ерсайын бала кезінен спортқа әуес болды. Футбол, волейбол және аралас жекпе-жек оның мінезін шыңдап, тәртіп пен төзімділікке үйретті. Бүгінде бұл қасиеттер оның қызметінде үлкен көмегін тигізеді. Өйткені құтқарушыға физикалық дайындықпен қатар, төтенше жағдайларда жедел шешім қабылдай білу де маңызды. 2019 жылы Ерсайын Ұлттық ұлан қатарында мерзімді әскери қызметін өтеп, 2022 жылы азаматтық қорғау органдарындағы қызметін бастады. Содан бері ол күн сайын адамдарға көмек көрсетуге дайын тұрады. Ерсайын үшін спорт пен құтқарушы қызметі өзара тығыз байланысты. Екі салада да тәртіп, төзімділік және нәтижеге ұмтылу маңызды. Кәсіби мереке қарсаңында Ерсайынға және барша құтқарушыларға зор денсаулық, отбасылық амандық пен қызметте сәттілік тілейміз! Біз өңіріміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген жандармен таныстыруды жалғастырамыз. Жарияланымдарымызды жіберіп алмаңыздар!








