Жетісу облысында екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергеновтің туғанына 120 жыл толуы атап өтілді. көрнекті тұлғаның құрметіне ғылыми-мерекелік конференция мен спорттық жарыстар ұйымдастырылды.
🏛️ Ескелді ауданының Н. Алдабергенов ауылындағы салтанатты шара Батырлар аллеясына гүл қою рәсімінен басталды. Бұдан әрі ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, жастар мен ауыл тұрғындарының басын қосқан «Елге қызмет – ерге мұра» атты конференция өтті.
✅ Конференцияға қатысушыларды облыс әкімінің атынан оның орынбасары Диас Есдәулетов құттықтады. Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
💬 «Нұрмолда Алдабергенов ұзақ жылдар бойы ауыл шаруашылығы саласында жемісті еңбек етіп, Жетісу өңірінің дамуына өлшеусіз үлес қосты. Ол өзі басқарған шаруашылықтардың өркендеуіне зор күш-жігерін жұмсап, ұлт мүддесіне адал қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетті. Осының арқасында екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды. Қоғам қайраткерінің есімі ел ішінде «Дала академигі» деген құрметті атымен кеңінен танылды. Осындай ардақты перзенттерімізді ұлықтап, есімін ардақтау – баршамыздың ортақ парызымыз. Бүкіл халық болып қабылдаған Конституциямызда адал еңбек құндылығы мемлекетіміздің айнымас қағидаттарының бірі ретінде бекітілген. Сондықтан өзінің адал еңбегімен айналасына үлгі болған тұлғалардың жасампаз істерін кеңінен насихаттаудың маңызы ерекше», - делінген құттықтауда.
✔️ Өз сөзін жалғастырған Д. Есдәулетов Нұрмолда Алдабергеновтің есімін мәңгілікке қалдыру мақсатында өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, оның өмір жолы өсіп келе жатқан ұрпақ үшін өнеге екенін атап өтті.
▶️ Содан кейін конференцияға қатысушыларға еңбек адамы Н. Алдабергеновтің өмірі мен қызметі туралы қысқаметражды документалды фильм көрсетілді.
⪼ Конференцияда ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Тынышбай Досымбеков, облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, Ескелді ауданының Құрметті азаматы Төлеген Мұсапиров, еңбек ардагері Шайбала Тергеуова және қоғам қайраткерінің қызы Рабиға Алдабергенова баяндама жасап, естеліктерімен бөлісті.
🏐⚽️ Мерейтой аясында волейбол және футболдан спорттық жарыстар да өтті.









