«Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде «SAIRAM-SU TRAIL 2026» атты халықаралық тауда жүгіру жарысы өтті. Додаға Қазақстанның бес облысынан, Орталық Азия мен ТМД елдерінен, Ресей және АҚШ-тан келген 700-ге жуық кәсіби спортшы мен әуесқой азаматтар қатысты. Қатысушылар тау бөктерінде 5 және 8 шақырымдық қашықтықтарды бағындырды. Жарыс тәжірибелі спортшылармен қатар, жүгіруді енді бастаған әуесқойларға да өз мүмкіндігін сынауға мүмкіндік берді.
"SAIRAM-SU TRAIL 2026" жобасы - спортты насихаттап қана қоймай, Түркістан облысының табиғи әлеуетін танытуға, тау және экологиялық туризмді дамытуға ықпал етпек. Өзге елдерден қатысушылардың келуі - өңірдің спорттық және туристік іс-шаралар өткізу мүмкіндігін көрсетті. Жарысты «Open Turkistan» туристік ақпараттық орталығы ұйымдастырды. Іс-шараның мақсаты – Түркістанды тарихи-мәдени мұрасымен қатар, табиғи көрікті жерлерімен танымал туристік өңір ретінде таныту. Сонымен бірге, ұлттық табиғи парктерді сақтау, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау және табиғат аясында демалу мәдениетін қалыптастыруға мән беріледі.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі








