Жетісу облысында биыл «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында үш ауданда орталық саябақты жөндеу қолға алынды. Соның бірі Ақсу ауданында орналасқан, яғни Жансүгіров ауылындағы бұл нысанда қазір құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Орталық саябақтың күрделі жөндеуі келесі жылы аяқталуы тиіс. Бұл туралы аудан тұрғындарымен кездесуі кезінде облыс әкімі Бейбіт Исабаев айтты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс әкімінің айтуынша, биыл Қаратал, Көксу және Ақсу аудандарында саябақтарды жөндеу қолға алынған.
- Жансүгіров ауылындағы қараусыз қалған, жалпы алаңы 21 гектар алқапты алып отырған саябақты екіге бөлуге шешім қабылдадық. 10 гектарын демалыс орнына қалдырып, қалғанына ауданға қажетті заман талабына сай стадион салуды жоспарлап отырмыз. Саябақты күрделі жөндеу жүргізуге биыл жергілікті бюджеттен бастапқы қаржы бөлінді. Қалған қаражатты келесі жылы қарастырамыз. Саябақтың құрылысын келесі жылы аяқталуы тиіс. Стадионның жобалық-сметалық құжаттары дайындалуда. Құжаттарын дайындап, тиісті өтінім ұсыну қажет. Аудан әкіміне аталған жұмыстарды қатаң бақылауға алуды тапсырамын», - деді Б. Исабаев.
Өңір басшысы ақсулықтармен кездесуінде «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыру барысында көпқабатты тұрғын үйлердің шатырлары мен қасбеттерін жөндеу, балалар мен спорт алаңдарын салу және абаттандыру бойынша бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
Мәселен, Ақсу ауданында биыл 13 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті мен шатыры жөнделуде, тұрғын үйлердің ауласын абаттандыру жұмыстары толығымен аяқталды. Ал өткен жылы Матай, Қызылағаш Жансүгіров ауылдарындағы 16 үйдің шатыры мен қасбеті, аулалары жаңарған болатын. Сол сияқты 2025-2026 жылдары Матай, Көлтабан, Көшкентал, Алтынарық, Сағабүйен ауылдарында 40 шақырымнан астам электр желісі тартылып, 1300-ден астам дана көше жарық шамдары орнатылды.
Жансүгіров ауылында тұрғын үйлері абаттандырылған тұрғындар пікір білдірді.
- Бұрын біз тұратын көпқабатты үйлер жүдеу тартып, сырты тозып тұрған. Қазір абаттандырудың арқасында қабырғасы жаңарып, шатыры ауыстырылды. Жаңа үйден кем емес болды. Осы шараларды атқаруға атсалысқан азаматтардың бәрен алғыс айтамыз, - деді Мұратхан Жұманов.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотографтар: Жұмабай Мұсабеков, Қанат Өмірәлинов









