Құтқарушы қызметінде тұрақты жұмыс кестесі болмайды. Дабыл кез келген уақытта түсуі мүмкін. Мұндай сәттерде адамның өмірі құтқарушының жедел әрі дұрыс шешім қабылдауына байланысты болады.
3-сыныпты құтқарушы Жақен Бекзат Рүстемұлы Екібастұз қаласындағы азаматтық қорғау бөлімшесінде бес жылдан бері қызмет етіп келеді. Ол бұл мамандықты адамдарға көмектесуді мақсат еткендіктен таңдаған.
«Бұл — өте қызықты әрі тартымды, ең бастысы, адамдарға көмек көрсетуге мүмкіндік беретін мамандық», — дейді Бекзат.
Ол қызметтегі алғашқы күнін әлі күнге дейін ұмытпайды. Сол кезде тағылымдамадан өтіп жүрген жас маман гараждан алып «ТРЭКОЛ» көлігінің шығып, құтқарушылардың оқу-жаттығуға қажетті құрал-жабдықтарын дайындап жатқанын көрген.
«Сол сәтте қатты әсерленіп, бірден олардың қатарына қосылғым келді», — деп еске алады құтқарушы.
Бес жылдық қызмет барысында Бекзат талай төтенше жағдайдың куәсі болып, адам өмірін сақтап қалу үшін шешімді санаулы секундтар ішінде қабылдауға тура келген сәттерді бастан өткерді.
Солардың бірі — су айдынының ортасында трактормен қалып қойған екі ер адамды құтқару оқиғасы. Өкінішке қарай, олардың бірі құтқарушылар жеткенге дейін қатты тоңудың салдарынан көз жұмған. Ал екіншісінің жағдайы өте ауыр болған.
«Уақыт санаулы минуттармен өлшенді. Біз қайықпен зардап шеккен адамға жедел жетіп, оны арқанмен байлап, судан алып шықтық. Осылайша оны қатты тоңудан аман алып қалдық», — дейді Бекзат.
Құтқарушының есінде ерекше қалған күрделі оқиғалардың бірі — Майқайыңдағы іздестіру-құтқару жұмыстары. Қақаған аяз, ауыр жұмыс жағдайы мен опырылу қаупі мамандар үшін үлкен сынақ болды.
Бекзаттың пікірінше, нағыз құтқарушы физикалық тұрғыдан мықты, төзімді, жауапкершілікті сезіне білетін және шұғыл жағдайда жылдам шешім қабылдай алатын маман болуы керек. Сонымен қатар, құтқару жұмыстарында командалық жұмыстың маңызы зор.
«Мен әріптестерімді мол тәжірибесі үшін бағалаймын. Авариялық-құтқару және іздестіру-құтқару жұмыстары барысында меңгерген дағдыларымның басым бөлігі солардың арқасында қалыптасты», — деп атап өтті ол.
Бекзаттың отбасы мен жақындары оның таңдаған мамандығын мақтан тұтады. Ал құтқарушының өзі киіп жүрген нысанды киімнің абыройына лайық болуға, кәсіби шеберлігін үнемі шыңдауға және өз қызметінің басты мақсаты — адам өмірін сақтап, қиын жағдайға тап болған жандарға көмек көрсету екенін әрдайым есте ұстауға тырысады.
Өйткені құтқарушы болу — тек мамандық иесі атану емес, бұл — үлкен жауапкершілікті, батылдықты және адам өміріне деген жанашырлықты талап ететін нағыз жүрек қалауы.









