Мерекелік шара барысында Жарқайың ауданының әкімі Ербол Жүсіпбеков ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Іс-шара аясында білім беру саласының үздік педагогтері мен қызметкерлеріне түрлі марапаттар табысталды. Ақмола облысының әкімі М.М. Ахметжановтың Алғыс хаттары, «Кәсіподақ ардагері» төсбелгісі, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің және Жарқайың ауданы әкімінің Алғыс хаттары, Құрмет грамоталары, бағалы сыйлықтар, сондай-ақ сауықтыру кешендеріне тегін жолдамалар табысталды.
Сонымен қатар, аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлшат Нұрпейісова мен білім беру қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Роза Садвақасова үздік мамандарға Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті.
Салтанатты шара жас педагогтердің ант қабылдау рәсімімен жалғасты. Педагогика саласының ардагері Алтынай Хасен жас мамандарға ақ батасын беріп, ақжолтай тілегін білдірді.
Мерекелік кеш ұстаздарға арналған әсерлі концерттік бағдарламамен қорытындыланды.









