«Бірлік көпірі» мәдени-ағартушылық жобасы аясында Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің студенттері Астанадағы Қазақ-неміс орталығына барды.
Экскурсия барысында жастар этномәдени бірлестіктің жұмысымен танысты. Студенттер неміс тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін сақтауға арналған іс-шаралар және ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталған жобалар туралы мәлімет алды.
2021 жылы ашылған Қазақ-неміс орталығында мәдени және ағартушылық бағыттағы іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Мұнда қазақстандық немістердің тарихы мен мәдени мұрасына арналған көрмелер, шығармашылық кездесулер мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылады.
«Бірлік көпірі» жобасы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің бастамасымен қолға алынған. Жоба қоғамдық келісімді нығайту, этносаралық байланысты дамыту және жастарды мәдени-ағартушылық іс-шараларға тартуды көздейді.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі








