Smart Data Finance жобасы Қазақстан экономикасына 322 млрд теңге пайда әкелді

    ·Жаңалықтар мұрағаты

    Smart Data Finance жүйесі – сыртқы және ішкі дереккөздерден барлық салық төлеуші мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар туралы ақпарат жинақталатын мемлекеттік қаржы жүйесінің «миы». Платформа сегіз дереккөзден алынған мәліметтерді біріктіріп, жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер туралы қор қалыптастырады. Бұл туралы ҚР қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

    Оның айтуынша, жаңа Салық кодексін іске асыру аясында 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап салықтық әкімшілендіру жүйесіне қажетті өзгерістер енгізілді.

    Салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесі бұрынғы жеті жүйені алмастырды.

    «Парламент пен Үкімет қабылдаған барлық қажетті норма осы жүйеде қамтылды. Атап айтқанда, салықтық әкімшілендіруді жеңілдету, салық есептілігін 30%-ға, салықтар мен міндетті төлемдер санын 20%-ға қысқарту, 128 салықтық жеңілдікті алып тастау, сервистік модельге көшу, салықтық бақылау мен мәжбүрлеп өндіріп алу шараларына қатысты тәсілдерді өзгерту көзделген. Сондай-ақ салық мөлшерлемелері мен оларды есептеу тәртібіне, соның ішінде қосылған құн салығына, жеке табыс салығына және корпоративтік табыс салығына қатысты елеулі өзгерістер енгізілді», – деп түсіндірді Әсет Тұрысов.

    Министрліктің барлық цифрлық жүйесі жаңартылып, белгіленген мерзімде іске қосылды. Оның ішінде жеке тұлғалардың декларацияларын (250 және 270-формалар) және қосылған құн салығы бойынша декларацияны (300-форма) алдын ала толтыру мүмкіндігі енгізіліп, API-сервистер іске асырылды.

    Спикердің мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері 7,9 млн салық есептілігі қабылданып, 3,9 млрд төлем өңделген. Камералдық бақылау бойынша 1,8 млн хабарлама қалыптастырылған. Мемлекеттік органдар және екінші деңгейдегі банктермен 75 интеграция жүзеге асырылды.

    Вице-министрдің айтуынша, Smart Data Finance жобасы Қазақстан экономикасына 322 млрд теңге пайда әкелді.

    Цифрландырудың келесі кезеңі – Қаржы министрлігінің үлкен көлемдегі деректерді біріктіріп, салыстыруға мүмкіндік беретін Smart Data Finance аналитикалық платформасын дамыту.

    Жүйе салықтық әкімшілендірудің проактивті моделіне көшуге, салықтарды автоматты түрде есептеуге және хабарламаларды жолдауға мүмкіндік береді.

    «Smart Data Finance жүйесі әр адамның шығыны мен табысын салыстыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар декларацияларды алдын ала толтыруға көмектеседі. Мысалы, сіздің автокөлігіңіз, жылжымайтын мүлкіңіз немесе жер учаскеңіз болса, жүйе осы мәліметтерді ескереді», – деді Ә. Тұрысов.

    Бұдан бөлек, Қаржы министрлігінде жасанды интеллектіні қолданатын тәуекелдерді басқару жүйесі енгізіліп жатыр. Вице-министрдің айтуынша, мұндағы мақсат – тексерулер санын көбейту емес, ықтимал заңбұзушылықтарды анықтау және азаматтар мен бизнеске оларды өз бетінше тексеруге мүмкіндік беретін құралдар ұсыну. Алдағы уақытта мұндай жасанды интеллект агенттері eGov пен Бірыңғай жеке кабинетте іске қосылады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "" жаңалықтары