Түркістан қаласындағы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында IV Халықаралық ТҮРКСОЙ студенттік театр фестивалінің жабылу салтанаты өтті.
5–7 қазан аралығында өткен халықаралық өнер додасына Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстанның жоғары оқу орындарынан студенттер, жетекші оқытушылар мен профессорлар қатысты.
Фестивальдің негізгі мақсаты – түркі елдерінің жас театр мамандары арасындағы шығармашылық байланысты нығайту, кәсіби тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау және ортақ мәдени құндылықтарды дәріптеу. Бірнеше күнге созылған өнер додасы барысында қатысушы оқу орындарының театр ұжымдары өз қойылымдарын көрермен назарына ұсынып, шығармашылық шеберліктерін танытты.
Жабылу салтанатына ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Өкілетті кеңесінің төрағасы, профессор, доктор Хүсейн Қараман, университет ректоры Жанар Темірбекова, Түркістан облысының мәдениет басқармасының басшысы Бақытжан Садықов және Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қатысып, фестивальдің маңызына тоқталды.
Қала әкімі өз сөзінде Түркістан қаласының IV Халықаралық ТҮРКСОЙ студенттік театр фестивалін қабылдауы қала тұрғындары үшін айрықша мәртебе екенін атап өтті.
«Бұл фестиваль жас өнер иелерінің шығармашылығын шыңдап қана қоймай, түркі жұртының рухани-мәдени және шығармашылық байланыстарын нығайтады. Өнер бәсекесі театр саласындағы кәсіби тәжірибе алмасуға тұғыр болатыны сөзсіз», – деді қала әкімі.
Қорытынды салтанат барысында фестиваль жеңімпаздары марапатталып, үздік өнер көрсеткен жас театр мамандарына арнайы жүлделер табысталды.









