«Кибер-шериф» Павлодар облысының жолдарында 21 мыңнан астам жылдамдық режимін бұзу дерегінің жолын кесті

    Павлодар облысының жолдарында патрульдік қызмет атқаратын «Кибер-шериф» кешендері жыл басынан бері жылдамдық режимін бұзудың 21 494 дерегін анықтады. Бұл туралы Павлодар облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бакибай Ахмедьянов мәлімдеді.
    Айта кетейік, камералармен жабдықталған «Кибер-шериф» кешені жолдың үш жолағын бақылап, көлік құралдарын 150 метрге дейінгі қашықтықтан анықтай алады.
    Жүйе жол қозғалысы ережелерін бұзған көліктердің мемлекеттік тіркеу нөмірлерін таниды, оларды автоматты түрде дерекқорлар бойынша тексереді, құқық бұзушылықтарды тіркеп, бейнежазбаға түсіреді және инспекторға ақпарат береді. Толық автоматтандырылған жүйе бірнеше іздеу базасымен қатар жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
    Мәселен, Павлодар–Қызылорда тасжолында қызмет атқару кезінде «Кибер-шериф» автоматтандырылған жүйесінің көмегімен «Chevrolet Cobalt» маркалы автокөлік тоқтатылды. Көлік тізгінінде Павлодар облысының тұрғыны болған.
    Тексеру барысында аталған көлік құралына қатысты сот орындаушысының қаулысына сәйкес, жалпы сомасы 100 мың теңгеден асатын айыппұл бойынша берешек бары анықталды. Бұл ретте көлік иесі қаржылық жағдайының қиындығын алға тартып, айыппұлды төлеуден жалтарып келген.
    Автокөлік айыппұл толық өтелгенге дейін арнайы тұраққа қойылды.
    Полиция әкімшілік айыппұлдарды белгіленген мерзімде уақтылы төлеу қажеттігін тағы да ескертеді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Павлодар облысының Полиция департаменті" жаңалықтары