Тоғыз айда 114 мыңнан астам қазақстандық Skills Enbek платформасында оқудан өтті

    Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтардың кәсіби білім алу мүмкіндіктерін кеңейту және дағдыларын дамыту бағытындағы жұмысты жалғастырып келеді. 2026 жылдың тоғыз айында Skills Enbek онлайн-платформасында 114,8 мыңнан астам адам оқудан өтті. Олардың шамамен 47%-ы – ауылдық елді мекендердің тұрғындары.

    Оқуды аяқтағандардың 43,3 мыңы – жұмыссыз азаматтар. Оның ішінде 16-34 жас аралығындағы 12,3 мың жас және ауыл тұрғындарының 23,5 мыңы бар.

    Skills Enbek азаматтарға қосымша білім алып, жұмыс барысында және жұмысқа орналасу кезінде қажет болатын дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді. Онлайн форматта оқу орталығына бармай-ақ, өзіне ыңғайлы уақытта білім алуға болады. Курстар компьютер арқылы да, Enbek мобильді қосымшасы арқылы да қолжетімді.

    Қазіргі уақытта платформада 1,3 млн-нан астам пайдаланушы тіркелген. Платформа жұмысын бастағаннан бері 1,29 млн-нан астам сертификат берілді. Мұнда түрлі ұйымдардың авторлары әзірлеген 565 курс қолжетімді. Оның 60%-дан астамы тегін.

    Пайдаланушылар арасында ақпараттық технологиялар, қаржы және бухгалтерлік есеп, әлеуметтік қызмет көрсету, тұрғын үймен қамту және тамақтану саласы, сауда мен қойма, сондай-ақ ауыл шаруашылығы бағытындағы курстар жоғары сұранысқа ие.

    Оқу курсын аяқтап, қорытынды тестілеуден сәтті өткендер электрондық сертификатқа ие болады. Мәліметтер Enbek.kz Электрондық еңбек биржасында жасалған түйіндемеге автоматты түрде енгізіледі. Бұл жұмыс іздеушіге өзінің кәсіби профилін толықтыруға, ал жұмыс берушіге кандидаттың алған білімі мен меңгерген дағдылары туралы ақпаратпен танысуға мүмкіндік береді.

    Платформа жұмыс іздеушілерге, сондай-ақ білімін жетілдіріп, жаңа құралдарды меңгеруге немесе біліктілігін арттыруға ниетті мамандарға да қолжетімді.

    Онлайн оқытуды дамыту арқылы азаматтардың кәсіби білім алуға қолжетімділігі артып, еңбек нарығындағы мүмкіндіктері кеңейеді. Бұл – Министрлік жұмысының маңызды бағыттарының бірі.

    Skills.enbek.kz сайтында қолжетімді курстармен танысып, жаңа білім мен дағдыларды меңгеруге болады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі" жаңалықтары