Еңбек министрлігі мен «Атамекен» ҰКП халықты жұмыспен қамту мәселелерін талқылады

    Еңбек министрлігі мен «Атамекен» ҰКП халықты жұмыспен қамту мәселелерін талқылады

    Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдерімен жұмыс кездесуін өткізді. Кездесуге «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа төрағасы Қанат Шарлапаев, ҰКП Басқарма төрағасының орынбасарлары Тимур Жаркенов пен Гүлнар Бижанова, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері және кәсіпкерлер қауымдастығы қатысты.

    Еңбек нарығын дамыту, азаматтардың жұмысқа орналасу мүмкіндігін кеңейту, жұмыс берушілерді білікті кадрлармен қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекет, бизнес және жұмыскерлер арасындағы әлеуметтік әріптестікті одан әрі нығайту мәселелері қаралды.

    Тараптар жұмыспен қамтуға жәрдемдесу тетіктерінің тиімділігін арттыру және экономиканың қазіргі қажеттіліктерін ескере отырып, мамандар даярлау тәсілдерін жетілдіру мәселелерін талқылады.

    Өнеркәсіп, қайта өңдеу және басқа да салалардағы кәсіпорындарды кадрлармен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды. Мамандарды даярлау кезінде жұмыс берушілердің сұранысын барынша ескерудің маңыздылығы атап өтілді. Бұл азаматтардың кәсіби біліктілігінің еңбек нарығы талаптарына сәйкестігін арттырып, олардың кейінгі жұмысқа орналасу мүмкіндігін кеңейтуге мүмкіндік береді.

    Кездесудің тағы бір бөлігі жұмыспен қамту саласындағы цифрлық құралдарды дамытуға арналды. Атап айтқанда, жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілерді байланыстыратын Enbek.kz Электрондық еңбек биржасының мүмкіндіктері талқыланды. Платформа арқылы жұмыс іздеу, қызметкерлерді іріктеу, сондай-ақ еңбек нарығындағы кадрларға сұраныс туралы ақпаратты қалыптастыру мәселелері қаралды. Қатысушылар осы бағыттағы цифрлық шешімдерді жетілдіру жұмыстарының маңызын айтты.

    Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен «Атамекен» ҰКП арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға уағдаласты. Бірлескен жұмыс жұмыспен қамту шараларының тиімділігін арттыруға, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлауға және жұмыс берушілердің нақты қажеттіліктерін ескере отырып, азаматтардың жұмысқа орналасу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі" жаңалықтары