Кишиневте «Қазақстанды таны» фотокөрмесі ашылды

    ·Жаңалықтар мұрағаты

    Кишинев, 2026 жылғы 8 қазан. Кишинев қаласында Қазақстан Республикасы Елшілігінің ұйымдастыруымен және Кишинев Примариясының қолдауымен «Қазақстанды таны» фотокөрмесінің ресми ашылуы өтті. Көрмені Елші Алмат Айдарбеков пен Бас Примар Ион Чебан ашты. Іс-шараға мемлекеттік органдар мен дипломатиялық миссиялардың өкілдері, сондай-ақ қала тұрғындары шақырылды.

    Көрме Қазақстан Республикасының күніне және Кишиневтің 590 жылдығына арналған. Оның мақсаты – Молдова астанасының тұрғындары мен қонақтарын еліміздің табиғатымен, тарихи-мәдени мұрасымен және қазіргі дамуымен таныстыру, екі халық арасындағы достық байланыстарды нығайтуға үлес қосу.

    Көрмеге қойылған 43 фотосурет – Қазақстанға ашылған 43 терезе. Олар келушілерді асқар таулар мен ұлан-ғайыр далалармен, көне ескерткіштер мен киелі орындармен, ұлттық дәстүрлермен және заманауи қалалардың сәулетімен таныстырады. Фотосуреттер өз мұрасын ұқыпты сақтап, дәйекті түрде дамып келе жатқан еліміздің сан қырлы келбетін көрсетеді.

    Өз сөзінде А.Айдарбеков Қазақстан мен Молдова арасындағы достық қатынастар өзара құрметке негізделгенін атап өтті. Мемлекет басшылары Қ.Тоқаев пен М.Сандудың кездесулері, Молдованың Астанадағы Елшілігінің ашылуы жәнеМРСыртқы істер министрі М.Попшойдың 2025 ж.Қазақстанға жасаған ресми сапары екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал еткендігін жеткізді.

    Елші көрменің Кишинев тұрғындары мен қонақтарын Қазақстанның табиғатымен, мәдени мұрасымен және қазіргі келбетімен таныстыруға бағытталғанын айтты. Ол Бас примар И.Чебан мен Примария қызметкерлеріне бастаманы қолдағаны және оны жүзеге асыруға жәрдемдескені үшін алғыс білдірді.

    Өз кезегінде Бас примар И.Чебан Елшілікке фотокөрмені ұйымдастырғаны үшін алғыс айтып, оның Кишиневтің мәдени өміріндегі маңызын атап өтті. Ол мұндай бастамалар қала тұрғындарына өзге елдердің тарихы мен дәстүрлерін танып-білуге мүмкіндік беретінін, достық байланыстарды нығайтып, одан әрі ынтымақтастыққа жол ашатынын жеткізді.

    Ашылу рәсімінен кейін қатысушылар фотосуреттерді тамашалап, қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татты. Қонақтар көрме мен ұсынылған тағамдар туралы жағымды әсерлерімен бөлісіп, жылы атмосфераны және Қазақстанның мәдениеті мен дәстүрлерін жақынырақ тану мүмкіндігін атап өтті.

    «Валя-Морилор» саябағындағы «Қазақстанды таны» фотокөрмесі 2026ж.7 қарашаға дейін жалғасады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "" жаңалықтары