Қазақстан Елшісі Молдова Парламентінің Төрағасымен кездесті

    1 / 3

    Кишинев, 2026 жылғы 2 қараша – ҚР Елшісі Алмат Айдарбеков Молдова Республикасы Парламентінің Төрағасы Игорь Гросумен кездесті.

    Кездесу барысында тараптар Қазақстан Республикасы мен Молдова Республикасының тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай бір-бірін құттықтап, Қазақстан мен Молдова арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі дамыту, саяси диалогты нығайту және парламентаралық ынтымақтастықты кеңейту перспективалары жөнінде пікір алмасты.

    Елші сұхбаттасын ҚР жаңа Конституциясының негізгі ережелерімен, Құрылтай сайлауының қорытындыларымен, сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзгерістермен және өкілді органның жаңа құрамының басым міндеттерімен таныстырды.

    Кездесу барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында айқындалған негізгі бағыттарға ерекше назар аударылды. Олардың қатарында 2027 жылды «Жалпыхалықтық үлкен құрылыс жылы» деп жариялау аясында инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, цифрландыруды одан әрі дамыту және жасанды интеллектіні енгізу мәселелері бар. Стратегиялық басымдықтар қатарында тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізу және азаматтардың әл-ауқатын арттыру міндеттері белгіленген.

    Қазақстан тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай А.Айдарбеков елдің саяси және әлеуметтік-экономикалық салалардағы негізгі жетістіктерін таныстырып, одан әрі даму перспективалары мен басым бағыттарына тоқталды.

    И.Гросу екі ел парламентарийлері арасында тәжірибе алмасуды тұрақты негізде жүргізудің маңыздылығын атап өтіп, екіжақты байланыстарды нығайтудағы парламенттік достық топтарының елеулі рөлін ерекше атап көрсетті.

    Парламент Төрағасы сондай-ақ Молдова Республикасының еуропалық интеграция үдерісі туралы айтып, Еуроодаққа қосылу бағытында қол жеткізілген ілгерілеуді атап өтті. Ол ағымдағы жылдың 4 қарашасында жариялануы күтілетін Еуропалық комиссияның кеңею жөніндегі кезекті пакеті туралы пікір білдірді. Аталған құжат жүргізілген реформалардың нәтижелерін бағалауға және Еуропалық одаққа мүшелікке өту жолындағы келесі қадамдарды айқындауға бағытталған. Басым бағыттар қатарында заң үстемдігін нығайту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және мемлекеттік басқаруды жаңғырту мәселелері атап өтілді.

    Кездесу соңында тараптар Қазақстан мен Молдова арасындағы саяси диалогты одан әрі нығайтуға, парламентаралық байланыстарды жандандыруға және өзара мүдделі бағыттар бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екендіктерін растады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Молдова Республикасындағы Елшілігі" жаңалықтары