Алматы облысында тауарлық балық және балық өсіруге арналған тор қоршама құрылымдары өндірісі іске қосылды

    Алматы облысында тауарлық балық және балық өсіруге арналған тор қоршама құрылымдары өндірісі іске қосылды

    Алматы облысында тауарлық балық өндіру көлемін арттыруға, аквашаруашылықты дамытуға және балық шаруашылығының өндірістік әлеуетін күшейтуге бағытталған инвестициялық жобаларды іске асыру жалғасып жатыр.

    Мәселен, Іле ауданының М.Түймебаев ауылында «Бақыт» кәсіпорны пайдалануға берілді. Кәсіпорын тауарлық балық өсірумен қатар, балық шаруашылықтарында балық өсіруге арналған тор қоршама құрылымдарын өндірумен айналысады.

    Инвестициялық жобаның жалпы құны – 500 млн теңге. Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 400 тоннаға дейін тауарлық балық өндіруге және жыл сайын 50-ге дейін тор қоршама және тор шығаруға мүмкіндік береді. 2026 жылы 100 тонна тауарлық балық өндіру жоспарланып отыр. Кейін өндіріс көлемі кезең-кезеңімен жобалық қуатына жеткізіледі.

    Бұл – Қазақстанда балық өсіруге арналған торлы қондырғыларды өндіруге бағытталған алғашқы кәсіпорын. Отандық өндірісті жолға қою балық өсіру шаруашылықтарын қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуге, саланың технологиялық мүмкіндіктерін кеңейтуге және аквакультура өндірісін ұлғайтуға қосымша мүмкіндік береді.

    Жобаны іске асыруға балық шаруашылығына бағытталған мемлекеттік қолдаудың пәрмені ықпал етті. 2026 жылы балық өсіру шаруашылықтарына көрсетілген мемлекеттік қолдаудың көлемі 7,7 млрд теңгеге жетті. Соңғы жылдары еліміздегі балық өсіру шаруашылықтарының саны 707 болып, екі есеге артты. 2025 жылдың қорытындысы бойынша отандық балық өсіру шаруашылықтарында 23 мың тонна тауарлық балық өсірілді.

    Қазақстан Республикасының «Аквашаруашылық туралы» Заңын іске асыру аясында балық шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың кешенді тетіктері қалыптастырылды. Олар инвестициялық шығындардың бір бөлігін өтеуді, балық жемі мен балық шабағын сатып алуға жұмсалатын шығындарды субсидиялауды, сондай-ақ өндірушілердің шығынын азайтып, саланың инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған басқа да қолдау шараларын қамтиды. Бірқатар басым бағыттар бойынша инвестициялық шығындардың 25 пайызы өтеледі.

    Сонымен қатар, 2024 жылдан бастап балық өсіру және оны қайта өңдеу жобаларын жылдық 2,5 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие арқылы қаржыландыру тетігі енгізілді. 2026–2030 жылдарға жалпы құны шамамен 60 млрд теңге болатын 41 инвестициялық жобадан тұратын топтама қалыптастырылды. Оларды іске асыру балық өсіру, оны қайта өңдеу және балық жемін өндіру көлемін одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.

    Аквашаруашылық саласындағы мемлекеттік саясат өндірістің тұрақты өсуіне жағдай жасауға, жеке инвестицияларды тартуға, заманауи технологияларды енгізуге және отандық өндірістік базаны дамытуға бағытталған.

    Ауыл шаруашылығы министрлігі балық шаруашылығына инвестиция тарту, мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру және кәсіпорындарды технологиялық жаңғыртуға жағдай жасау бағытындағы жұмысты жалғастырып жатыр.

    Қабылданып жатқан шаралар кешені аталған сала өндірісінің көлемін одан әрі ұлғайтуға, технологиялық әлеуетін арттыруға және бәсекеге қабілетті отандық балық шаруашылығын жүйелі түрде дамытуға бағытталған. ‎

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі" жаңалықтары