Астанада қарияларға арнап ерекше кеш ұйымдастырылды

    Астанада қарияларға арнап ерекше кеш ұйымдастырылды

    Астанадағы «Жәрдем» орталығында жылулық пен мейірім сыйлаған ерекше кездесу кеші өтті. Атап айтқанда, Сарайшық ауданында халықаралық мүгедектігі бар адамдар күніне орай Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының өнерпаз зейнеткерлері «Жәрдем» әлеуметтік қызмет көрсету орталығына арнайы барып, қайырымдылық концертін өткізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

    Ерекше жылулыққа толы кештің басты мақсаты – ерекше қамқорлықты қажет ететін жандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, олардың жүрегіне қуаныш ұялату, мейірім мен ізгілікті насихаттау.

    Ізгі шараның ашылуында Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Серік Қарабатыров жиналғандарға жүрекжарды тілегін білдіріп, жылы лебізін жеткізді. Ол мұндай кездесулердің адамдар арасындағы мейірімділікті арттырудың маңызына тоқталып, іс-шараға қатысушыларға алғысын білдірді.

    Кеш барысында орталықтың өнерпаз ата-әжелері арнайы концерттік бағдарлама ұсынып, көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады. Сахна төрінде қазақ вальсі, домбырамен орындалған күйлер шырқалып, әсем музыкалық және би нөмірлері көпшілік назарына ұсынылды.

    Көрермендердің ыстық ықыласына бөленгендердің қатарында «Сарайшық сазы» ансамблі мен «Сырлы вальс», «Алтын саз» би топтарының өнерпаздары және жеке орындаушылар болды. Әрбір ән мен би үлкен дайындықпен орындалып, өнерпаздардың сахнаға деген сүйіспеншілігін аңғартты.

    Қайырымдылық шарасы шығармашылықпен ғана шектелген жоқ. Кездесу барысында Алматы және Сарайшық аудандары бойынша еңбек терапиясы үйірмелеріне қатысатын әжелер өз қолдарымен жасаған картиналарын «Жәрдем» әлеуметтік қызмет көрсету орталығына сыйға тартты. Қолдан жасалған туындылар орталыққа ерекше жылылық пен әсемдік сыйлады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының әкімдігі" жаңалықтары