Салық берешегін өндіріп алу: 2026 жылдан бастап қандай тәртіп қолданылады?

    Салық берешегін өндіріп алу: 2026 жылдан бастап қандай тәртіп қолданылады?

    2026 жылдан бастап салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу берешек сомасына қарай кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бұл ретте аз мөлшердегі берешек үшін бірден қатаң шаралар қолдануға жол берілмейді.

    Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті салық төлеушілерге жаңа тәртіпті түсіндіреді.

    📌 20 АЕК-ке дейін — 86 500 теңге

    Егер салық берешегі 20 АЕК-тен аспаса, салық төлеушіге берешектің бар екені туралы ақпараттық ескерту жіберіледі және өсімпұл есептеледі.

    Бұл кезеңде:

    • банк шоттары бойынша шығыс операциялары тоқтатылмайды;

    • инкассалық өкім қойылмайды;

    • мүлікке шектеу енгізілмейді;

    • басқа мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылмайды.

    📌 20–45 АЕК — 86 500–194 625 теңге

    Берешек 20 АЕК-тен асқан жағдайда салық берешегін өтеу туралы хабарлама жіберіледі.

    Хабарлама орындалмаған жағдайда:

    • банк шоттары мен касса бойынша шығыс операциялары тоқтатылуы;

    • берешекті өндіріп алу үшін инкассалық өкім қойылуы мүмкін.

    📌 45 АЕК-тен жоғары — 194 625 теңгеден астам

    Берешек 45 АЕК-тен асқан жағдайда мәжбүрлеп өндіріп алудың қосымша шаралары қолданылады.

    Олардың қатарында:

    • мүлікке билік етуге шектеу қою;

    • дебиторлық берешектен өндіріп алу;

    • шектеу қойылған мүлікті өткізу есебінен берешекті өтеу және басқа да шаралар бар.

    📌 27 000 АЕК-тен жоғары — 116 775 000 теңгеден астам

    Егер берешек осы мөлшерден асып, үш айдан астам уақыт өтелмесе, сот арқылы заңды тұлғаның бірінші басшысының немесе дара кәсіпкердің Қазақстан Республикасынан шығуына уақытша шектеу қойылуы мүмкін.

    💡 Маңызды

    Хабарлама алған салық төлеушіге берешекті ерікті түрде өтеуге мүмкіндік беріледі. Берешек сомасына күмән немесе есептеулерде сәйкессіздік болған жағдайда, салық органымен есеп айырысуларды салыстырып тексеруге болады.

    Салық міндеттемесін кешіктірген әрбір күн үшін өсімпұл есептеледі. Жалпы тәртіп бойынша оның мөлшерлемесі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесінің 1,25 есесін құрайды. Көлденең мониторингке қатысушылар үшін — 0,65 есесі.

    Салық берешегі туралы ақпаратты Салық төлеушінің кабинетінде дербес шоттан тұрақты түрде тексеріп отыруға болады.

    Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті салық төлеушілерді салық міндеттемелерін уақытылы орындауға және берешек туындаған жағдайда оны ерікті түрде өтеуге шақырады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті" жаңалықтары