ББҚ-ны цифрлық таңбалау: жаңа талаптар

    ББҚ-ны цифрлық таңбалау: жаңа талаптар
    2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап биологиялық белсенді қоспаларды (ББҚ) міндетті цифрлық таңбалау талабы қолданысқа енгізілді. Осы күннен кейін өндірілген барлық ББҚ-да Data Matrix коды болуы тиіс.
    ББҚ айналымын міндетті цифрлық қадағалау жүйесін толық іске қосу 2027 жылғы 1 наурызға жоспарланған. Осы мерзімнен бастап өнімнің өндірушіден немесе импорттаушыдан бастап түпкілікті тұтынушыға дейінгі қозғалысы электрондық түрде тіркеледі. Тауарды бір қатысушыдан екіншісіне берген кезде әрбір операция жүйеде расталуы қажет.
    Цифрлық таңбалау кезінде әр өнім бірлігіне бірегей Data Matrix коды беріледі. Код өнімнің қаптамасына түсіріліп, Тауарларды таңбалау және қадағалаудың бірыңғай операторының ақпараттық жүйесінде тіркеледі. Бұл өнімнің айналымдағы қозғалысын бақылауға және оның заңды түрде нарыққа шығарылғанын анықтауға мүмкіндік береді.
    Жаңа талаптар ББҚ нарығындағы айналымның ашықтығын арттыруға, заңсыз өнімнің таралуына жол бермеуге және адал кәсіпкерлерді жосықсыз бәсекеден қорғауға бағытталған.
    Алдағы уақытта тұтынушылар қаптамадағы Data Matrix кодын Naqty Onim мобильді қосымшасы арқылы сканерлеп, өнім туралы ақпаратты және оның заңдылығын өз бетінше тексере алады.
    Кәсіпкерлерге не қажет?
    ББҚ өндірумен, импорттаумен және өткізумен айналысатын нарыққа қатысушыларға:
    1. Тауарларды таңбалау және қадағалаудың цифрлық жүйесінде (ТТҚЦЖ) tanba.markirovka.kz порталында тіркелу;
    2. ақпараттық жүйеде ББҚ-ның тауар карточкаларын алдын ала тіркеу ұсынылады.
    Тауар карточкаларын тіркеу барысында оларды жаңарту рәсімі жүргізіледі. Бұл белгілі бір уақытты қажет ететіндіктен, кәсіпкерлерге жұмысты соңғы мерзімге қалдырмау ұсынылады. Бұл таңбалау кодтарына уақтылы тапсырыс беріп, жаңа талаптарға дайын болуға мүмкіндік береді.
    2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін өндірілген, цифрлық таңбалауы жоқ ББҚ қалдықтарын нарыққа қатысушылар белгіленген тәртіппен олардың жарамдылық мерзімі аяқталғанға дейін өткізе алады.
    ББҚ-ны цифрлық таңбалау – өнімнің қауіпсіздігі мен заңдылығын бақылауды күшейтуге, сондай-ақ тұтынушының сапалы әрі қауіпсіз өнім таңдауы үшін қажетті ақпаратқа қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды шара.
    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті" жаңалықтары