
Аймақта құрылыс нысандарының сапасы мен заң талаптарының сақталуына бақылау күшейтілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ШҚО Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Самат Қайырдинов мәлімдеді.
Басқарманың негізгі міндеті – сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, заңсыз әрі қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін нысандардың салынуына жол бермеу.
Есепті кезеңде басқармаға 2 мыңнан астам құжат түсіп, қаралған. Оның ішінде жеке және заңды тұлғалардан 1 311 өтініш қабылданған. Сонымен қатар құрылыс-монтаж жұмыстарының басталғаны туралы 527 хабарлама және нысандарды пайдалануға қабылдау жөніндегі 3 049 акт қаралды.
Биыл тоғыз айда жүргізілген жоспардан тыс тексерулердің нәтижесінде 284 әкімшілік іс қозғалып, олардың жалпы сомасы 89 млн теңгені құрады.
Тексеру барысында жобалық құжаттамасыз құрылыс жүргізу және құрылыс жұмыстарының сапасына қойылатын талаптарды бұзу сияқты заң бұзушылықтар анықталған.
Нәтижесінде 133 құрылыс лицензиясының қолданысы алты айға тоқтатылды. Тағы 9 лицензияның күші жойылды. Заң бұзушылықтарды жою туралы 133 нұсқама беріліп, 12 нысан сүрілді.
Тұрғын үй құрылысы да басқарманың ерекше бақылауында. Қазір Өскеменде 34 тұрғын үй кешені салынып жатыр. Мамандар әлеуметтік желілерге тұрақты мониторинг жүргізіп, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы талаптардың сақталуын бақылайды. Заң бұзушылықтар мен ықтимал тәуекелдер анықталған жағдайда тұрғындарға ақпарат беріледі.
Құрылыс саласындағы мемлекеттік бақылау тәртібі де өзгерді. 1 шілдеден бастап жаңа Құрылыс кодексі күшіне енді. Құжат құрылыс сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды күшейтіп, мемлекеттік бақылаудың жаңа тетіктерін енгізді.
Соның бірі – нысанды пайдалануға қабылдау рәсіміне мемлекеттік құрылыс инспекторының міндетті түрде қатысуы. Енді инспектор нысанның орналасқан жеріне барып, оның белгіленген талаптарға сәйкестігін тексереді. Бұл құрылыс сапасын бақылауды күшейтіп, талапқа сай келмейтін нысандардың пайдалануға берілуінің алдын алуға бағытталған.
Жаңа талаптар құрылыс саласындағы жауапкершілікті арттырып, нысандардың қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз етуге бағытталған.
Дереккөз: ШҚО ӨКҚ







