«Еңбек шартының мазмұны – қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғаудың кепілі»

    «Еңбек шартының мазмұны – қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғаудың кепілі»

    Еңбек шарты жұмыскер мен жұмыс беруші арасындағы еңбек қатынастарын реттейтін негізгі құқықтық құрал және еңбек құқықтарын іске асырудың маңызды кепілдіктерінің бірі болып табылады. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 21-бабына сәйкес, егер заңнамада өзгеше көзделмесе, еңбек қатынастары еңбек шарты негізінде туындайды.

    Еңбек шартының мазмұны ерекше маңызға ие, өйткені онда еңбек қатынастарының негізгі талаптары мен тараптардың өзара міндеттемелері бекітіледі.

    Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 28-бабына сәйкес, еңбек шартында тараптар туралы мәліметтер, еңбек функциясы, жұмысты орындау орны, еңбек шартының мерзімі, жұмыстың басталу күні, жұмыс уақыты мен тынығу уақытының режимі, еңбекақы мөлшері және оны төлеу талаптары, сондай-ақ заңнамада көзделген өзге де міндетті талаптар қамтылуға тиіс.

    Жұмыскердің еңбек құқықтарын қорғау үшін еңбек функциясын нақты айқындаудың маңызы зор. Лауазымы мен атқаратын жұмысының нақты көрсетілуі жұмыскердің нақты қызметінің еңбек шартында белгіленген талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етуге және еңбек қатынастарында көзделмеген міндеттерді оған негізсіз жүктеуге жол бермеуге мүмкіндік береді.

    Еңбекке ақы төлеу талаптарының да маңызы ерекше. Еңбек шартында еңбекақы мөлшері мен оны төлеу талаптарының көрсетілуі жұмыс берушінің міндеттемелерінің көлемін анықтауға мүмкіндік береді және еңбекақының дұрыс есептелуі мен уақтылы төленуіне қатысты мәселелерді қарау кезінде құқықтық негіз болып табылады.

    Жұмыс уақыты мен тынығу уақытының режимін бекіту жұмыскердің заңда белгіленген жұмыс уақытының ұзақтығы мен тынығуға құқығын қамтамасыз етуге тікелей байланысты. Бұл талаптар жұмыскерді үстеме жұмысқа, демалыс және мереке күндеріндегі жұмысқа тарту тәртібінің сақталуын бағалау кезінде де ескеріледі.

    Зиянды немесе қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс атқару кезінде кепілдіктер мен өтемақы төлемдерінің талаптары ерекше маңызға ие. Оларды еңбек шартында тиісті түрде көрсету заңнамада көзделген кепілдіктердің қамтамасыз етілуіне және олардың іс жүзінде берілуін бақылауға мүмкіндік береді.

    Сонымен қатар, еңбек шартының талаптары жұмыскердің жағдайын еңбек заңнамасымен салыстырғанда нашарлатуға тиіс емес. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 10-бабына сәйкес, келісімдердің, еңбек шарттарының және жұмыс беруші актілерінің талаптары заңнамада белгіленген жұмыскерлердің құқықтары мен кепілдіктерінің деңгейін төмендетпеуге тиіс. Жұмыскердің жағдайын нашарлататын талаптар жарамсыз болып табылады және қолданылуға жатпайды.

    Осылайша, еңбек шартын жасасу кезінде тараптардың еркіндігі еңбек заңнамасының міндетті талаптарымен шектеледі. Жұмыс беруші еңбек қатынастарына қосымша талаптар енгізуге құқылы, алайда олар жұмыскерлердің заңда белгіленген құқықтары мен кепілдіктерін бұзбауға тиіс.

    Еңбек шарты еңбек жағдайлары өзгерген кезде де ерекше рөл атқарады. Еңбек шартының талаптарын өзгерту Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде белгіленген тәртіппен және тиісті құжаттық рәсімдеу арқылы жүзеге асырылады. Бұл құқықтық айқындықты қамтамасыз етеді және жұмыс берушінің бұрын келісілген еңбек жағдайларын негізсіз өзгертуіне жол бермейді.

    Еңбек шартының мазмұнының практикалық маңызы еңбек даулары мен жұмыскерлердің өтініштерін қарау кезінде айқын көрінеді. Еңбек заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар үшін еңбек шарты еңбек қатынастарының бастапқы талаптарын анықтауға және оларды нақты жағдайлармен салыстыруға мүмкіндік береді.

    Мемлекеттік бақылау практикасы осы мәселенің өзектілігін көрсетеді. Тексерулер барысында мемлекеттік еңбек инспекторлары еңбек шарттарын ресімдеуге және олардың мазмұнына, сондай-ақ еңбек қатынастарының белгіленген талаптарының сақталуына байланысты бұзушылықтарды анықтайды. Мұндай бұзушылықтарға, атап айтқанда, еңбек шарттарын тиісінше ресімдемеу, оларды жасасу және өзгерту тәртібін сақтамау, шарт талаптарының нақты еңбек қатынастарына сәйкес келмеуі, жұмыс уақыты режимі мен еңбекақы төлеу талаптарын бұзу жатады.

    Тексеру нәтижелері бойынша, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, оның ішінде прокуратура органдарының өзара іс-қимылы шеңберінде анықталған бұзушылықтарды жою және жұмыскерлердің бұзылған еңбек құқықтарын қалпына келтіру жөнінде шаралар қабылданады.

    Өтініштің мән-жайына байланысты еңбек шартының талаптары, жұмыс берушінің актілері, жұмыс уақытын есепке алу табельдері, еңбекақыны есептеу және төлеуге қатысты құжаттар, лауазымдық нұсқаулықтар және істің мән-жайларын анықтау үшін маңызы бар басқа да құжаттар зерделенеді.

    Осылайша, еңбек шарты еңбек қатынастарын ресімдеу функциясын ғана атқарып қоймай, кепілдік беруші, дәлелдемелік және алдын алу функцияларын да жүзеге асырады. Оның мазмұны тараптардың құқықтары мен міндеттерінің көлемін анықтауға, еңбек қатынастарының құқықтық айқындығын қамтамасыз етуге және еңбек дауларының туындауына жол бермеуге мүмкіндік береді.

    Қорытындылай келе, еңбек шартын тиісті түрде ресімдеу еңбек саласында заңдылықты қамтамасыз етудің негізгі шарттарының бірі болып табылады.

    Осыған байланысты еңбек шартының мазмұнына қойылатын талаптарды сақтау тек кадрлық рәсім ретінде емес, еңбек заңнамасының бұзылуының алдын алудың және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын тиімді қорғаудың негізгі тетіктерінің бірі ретінде қарастырылуға тиіс.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    ""Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті"РММ" жаңалықтары