
Жетісу облысы Қаратал ауданының Достық ауылындағы Бикен Римова атындағы орта мектеп-гимназияда алғашқы "Жас сақшы" кадет сыныбының салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Салтанатты шара барысында 7-сыныптың 17 оқушысы кадет антын қабылдап, алғаш рет погон тақты. Жасөспірімдер үшін бұл – жай ғана жаңа үлгідегі форма емес, тәртіп пен жауапкершіліктің, өз ортасына үлгі болуға деген ұмтылыстың белгісі.
Бұл күн жас кадеттердің ата-аналары мен жақындары үшін де ерекше мәнге ие болды. Өйткені алғашқы погон – үлкен мақтаныштың ғана емес, жас өрендердің азаматтық ұстанымы мен жауапкершілігін айқындайтын маңызды қадамның символы.
Алда жас кадеттерді жаңа білім мен түрлі сабақтар, жаттығулар мен сынақтар күтіп тұр. Мұндай дайындық олардың бойында сенімділік пен төзімділікті қалыптастырып, Отан алдындағы борышқа адалдық пен заңға деген құрметті нығайтуға бағытталған.
Бүгін олар алғашқы қадамын жасады. Ал ертең осы 17 кадеттің арасынан ел тыныштығын күзетіп, қоғамдық тәртіпті қорғауды өмірлік мұратына айналдыратын білікті полиция қызметкерлері шығуы әбден мүмкін.









