
Конституциялық Сот бұқаралық ақпарат құралдарына қойылатын талаптар бойынша бір жылдық талап қою мерзімін белгілейтін Қазақстан Республикасының «Масс-медиа туралы» Заңының 38-бабы 1-тармағының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтінішті қарады.
Арыз иесі өзінің ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіреді деп есептеген жарияланымға байланысты дау өтініш беруге негіз болған. Соттар даулы жарияланымның «Масс-медиа туралы» Заң күшіне енгенге дейін орналастырылғанын негізге алып, оның талаптарын қанағаттандырудан бас тартқан.
Өтініш иесінің пікірінше, заңда белгіленген бір жылдық мерзім оның сот арқылы қорғалу құқығын шектейді. Себебі ол жарияланым туралы заң күшіне енгеннен кейін ғана білген, ал бас бостандығынан айыру орындарында болған кезеңде интернетке қол жеткізу мүмкіндігі болмаған.
Конституциялық Сот заңда белгіленген бір жылдық талап қою мерзімі ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді сот арқылы қорғау мүмкіндігін жоққа шығармайтынын атап өтті. Заң шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді теріске шығаруды, оларға жауап жариялауды және келтірілген зиянды өтеуді талап етуге мүмкіндік береді.
Сот мерзімді жарияланым таратылған күннен бастап есептеу тұлға мен бұқаралық ақпарат құралы арасындағы қатынастарда құқықтық айқындықты қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті. Ал мерзімді тек тұлға жарияланым туралы білген кезден бастап есептеу, керісінше, бұқаралық ақпарат құралдарына тиісті талаптар қойылуы мүмкін кезеңнің ұзақтығына қатысты белгісіздікке әкеп соғуы ықтимал.
Сот тұлғаның жарияланым туралы қашан білгеніне, тиісті ақпаратты алуға нақты мүмкіндігі болған-болмағанына байланысты мән-жайларды анықтау, сондай-ақ оларды растайтын дәлелдемелерді бағалау нақты істі қарау кезінде соттың құзыретіне жататынын көрсетті.
Осыған байланысты Конституциялық Сот дауланып отырған нормадан сот арқылы қорғалу жөніндегі конституциялық құқықты бұзу белгілерін анықтаған жоқ.









