
Әзербайжан Республикасының делегациясы Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты «Парасат» әлеуметтік қызметтер орталығына барды.
Делегация құрамында балалардың құқықтарын қорғау және отбасыларды қолдау саласындағы қоғамдық ұйымдардың өкілдері, әлеуметтік даму, психологиялық көмек көрсету және оңалту салаларының мамандары, сондай-ақ GIZ ұйымы мен «Tut Əlimdən» («Қолымнан ұста») балаларды оңалту орталығының өкілдері болды.
Сапар барысында қонақтарға Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының әлеуметтік саладағы қызметінің негізгі бағыттары таныстырылды. Делегация «Парасат» орталығының жұмысымен, инфрақұрылымымен, арнайы жабдықтарымен және қызмет алушыларды әлеуметтік оңалту үшін жасалған жағдайлармен танысты.
Кездесу барысында тараптар өмірлік қиын жағдайға тап болған балалар мен отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету, оңалту және әлеуметтік сүйемелдеу саласындағы заманауи тәсілдерді талқылады.
Әзербайжан өкілдері әлеуметтік жобаларды іске асыру тәжірибесімен бөлісіп, қолдауға мұқтаж балаларға, әйелдерге және отбасыларға консультациялық және психологиялық көмек көрсетуге бағытталған 116111 балалар мен әйелдерге арналған жедел желілерінің жұмыс тәжірибесін таныстырды. Сонымен қатар «Tut Əlimdən» («Қолымнан ұста») балаларды оңалту орталығының қызметі мен тәжірибесі ұсынылды.
Кездесуде әлеуметтік қорғау және оңалту саласындағы практикалық тәжірибе мен тиімді тәсілдер алмасуға ерекше назар аударылды. Тараптар кәсіби өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтіп, алдағы уақытта ынтымақтастықты дамыту және әлеуметтік саладағы озық тәжірибелермен алмасу мүмкіндіктерін талқылады.









