
Жетісу облысында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бағытындағы жұмыстар белсенді жалғасуда. «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полицейлер есірткінің заңсыз айналымына қатысты деректерді анықтап, оны таратуға қатысы бар тұлғалардың әрекетіне тосқауыл қоюда. Сондай-ақ жабайы қарасора өсетін аумақтар мен заңсыз егістіктер анықталуда.
1 маусым мен 30 қыркүйек аралығында полицейлер есірткінің заңсыз айналымына қатысты 79 қылмыстық құқық бұзушылықты анықтады.
Негізгі нәтиже — заңсыз айналымнан 538 келіден астам есірткі заттары мен құрамында есірткі бар өсімдіктер тәркіленді.
Оның ішінде 117 келіден астам марихуана, 6 келі синтетикалық есірткі және 6,5 келіден астам гашиш бар.
Сонымен қатар аса ірі көлемдегі екі есірткі қылмысының жолы кесілді.
Астана қаласында ұсталған азаматтан 3 келіге жуық мефедрон және 600 грамм «А-PVP» тәркіленді.
Талдықорған қаласында полицейлер 6 келі 550 грамм гашиш тәркіледі.
«Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жабайы қарасораның ірі ошақтары мен заңсыз егістіктерді анықтауға ерекше назар аударылуда.
Ауқымды әрі жетуі қиын аумақтарды тексеру мақсатында полицейлер әуеден шолу жұмыстарын жүргізеді. Әуеден жер бедері мен алқаптар бақылауға алынып, қосымша тексеруді қажет ететін учаскелер анықталады. Кейін мұндай аумақтарды жердегі полиция бөлімшелері тексереді. Бұл тәсіл кең аумақты қамтып, заңсыз егістіктерді дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.
Полицияның есірткі қылмысына тосқауыл қою және халықты есірткі таралуынан қорғау бағытындағы жұмыстары жалғасуда.









