Жамбылдық спортшылар жазғы Азия ойындарында топ жарды

    Жамбылдық спортшылар жазғы Азия ойындарында топ жарды

    Жапонияның Аичи және Нагоя қалаларында өткен ХХ жазғы Азия ойындарында ел намысын қорғаған жамбылдық спортшылар туған жеріне жеңіспен оралды.

    2026 жылдың 19 қыркүйегі мен 4 қазаны аралығында өткен байрақты додаға Қазақстан Республикасының Ұлттық құрамасы сапында Жамбыл облысынан 12 спорт түрінен 35 спортшы қатысты.

    Жарыс қорытындысы бойынша жамбылдық спортшылар 6 күміс және 1 қола медаль жеңіп алып, ел қоржынына қомақты үлес қосты.

    Атап айтқанда, дзюдодан Елдос Сметов күміс медаль иеленсе, ушудан Абдурашид Абдуллаев күміс жүлдеге қол жеткізді.

    Сондай-ақ су добынан Сұлтан Шонжигитов, Ақжан Адай, Нұрасыл Сәтберген және Эдуард Цой күміс медаль жеңіп алды. Ал кураштан Арайлым Шегенова қола жүлдені еншіледі.

    Жеңіспен оралған спортшыларды туған жерінде салтанатты түрде күтіп алу рәсімдері ұйымдастырылды. Жамбылдықтар халықаралық додада ел намысын абыроймен қорғаған спортшыларға құрмет көрсетіп, олардың жеңістерін зор қуанышпен қарсы алды.

    Биылғы нәтиже Жамбыл облысы спортшыларының өткен Азия ойындарындағы көрсеткішінен жоғары болды. Атап айтқанда, 2023 жылы Қытай Халық Республикасының Ханчжоу қаласында өткен XIX жазғы Азия ойындарында облыс спортшылары 1 күміс және 3 қола медаль иеленген болатын.

    Ал биылғы додада жамбылдық спортшылар жалпы 7 медаль жеңіп алды.

    Жамбылдық спортшылардың бұл жетістігі – олардың қажырлы еңбегі мен табандылығының, бапкерлердің кәсіби шеберлігінің нәтижесі. Азия ойындарында топ жарған саңлақтарымыз ел мерейін асырып, Жамбыл спортының абыройын асқақтатты.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы" жаңалықтары