
Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімовтің төрағалығымен өткен көшпелі кеңесте Байғанин ауданында өндірістік әлеуетті арттыру, инвестиция тарту және кәсіпкерлік нысандарды орналастыру мәселелері талқыланды.
🏭 Ауданда құрылыс материалдарын өндіруге бағытталған индустриялық аймақ құру ұсынылып отыр. Оның аумағында тауарлық бетон, темірбетон бұйымдары, құрғақ құрылыс қоспалары, газобетон блоктары, брусчатка және өзге де өнім шығаратын кәсіпорындарды шоғырландыру көзделеді.
Жаңа алаңның негізгі жобаларының бірі ретінде «Qaz Cement Industries» ЖШС цемент зауыты аталды. Инвестиция көлемі – 89 млрд теңге. Кәсіпорын тәулігіне 3,5 мың тонна цемент өндіруге қауқарлы болады. Зауыт іске қосылғанда 200-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
🤝 Цемент зауытының айналасында сабақтас кәсіпорындардың дамуы өңірдегі өндірістік кооперацияны күшейтіп, жергілікті қамту үлесін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар шағын және орта бизнес үшін қосымша нарық пен сервистік қызмет көрсету бағыттары қалыптасады.
📍 Кездесуде индустриялық аймаққа арналған жер учаскелерін анықтау, инженерлік желілермен қамтамасыз ету және инвесторларға қажетті жағдай жасау мәселелері де қаралды.
🌿 Жобаларды іске асыру кезінде экологиялық талаптар мен өнеркәсіптік қауіпсіздік нормаларын сақтау басты шарттардың бірі болмақ. Кәсіпорындар қоршаған ортаға әсерді барынша азайтып, заңнамаға сәйкес барлық қажетті рәсімдерден өтуі тиіс.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға индустриялық аймақтың орналасу мүмкіндігін, инфрақұрылым тарту жолдарын және басым бағыттарды нақтылау тапсырылды.









