
Жапонияның Айчи префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында Шымкент қаласының спортшылары ел мерейін үстем етіп, қоржынға бір алтын және бір қола медаль салды.
Құрлықтың басты спорт додасында шымкенттік спортшылар бірнеше спорт түрінен ел намысын қорғап, жоғары нәтижеге қол жеткізді. Әсіресе, бокс пен еркін күрестен көрсетілген нәтиже көпшілік назарын аударды.
Бокстан 70 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған әлем чемпионы Төрехан Сабырхан жарыстың шешуші кезеңіне дейін сүрінбей жетті. Финалдық кездесуде ол Иорданиялық Зейад Ишаишпен жұдырықтасып, 5:0 есебімен жеңіске жетті. Осылайша шымкенттік боксшы Азия ойындарының чемпионы атанып, алтын медальді қанжығасына байлады.
Төрехан Сабырхан Азиада барысында барлық қарсыласынан басым түсті. Ол 1/8 финалда Қатар спортшысы Мохаммед Дбичиді 5:0 есебімен жеңсе, ширек финалда Ирак өкілі Әли Касим Хамдан Әл-Сарайды бірінші раундта нокаутпен ұтты. Жартылай финалда Өзбекстан өкілі Шавкатжан Болтаевты 5:0 есебімен тізе бүктіріп, финалға жолдама алды.
Финалдағы сенімді жеңісі Төреханның шеберлігі мен дайындығының жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Шымкенттік спортшының алтын медалі Қазақстан құрамасы үшін де айрықша мәнге ие. Төрехан Сабырхан ел қоржынына Азия ойындарындағы оныншы алтын жүлдені салды. Қазақстан боксшылары Азиадада бұған дейін алтын медальді 2014 жылы Инчхон қаласында иеленген болатын.
Ал еркін күрестен 65 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Начын Куулар қола жүлде үшін белдесуде Солтүстік Корея өкілі Ким Кван Жимен кездесті. Тартысты өткен бәсекеде шымкенттік балуан алғашқы сәттерде есеп бойынша есе жібергенімен, жекпе-жектің шешуші кезеңінде басымдықты өз қолына алды. Нәтижесінде қарсыласын 7:5 есебімен жеңіп, қола медальға ие болды.
Осылайша, Аичи-Нагоя төрінде өнер көрсеткен Шымкент спортшылары Қазақстан құрамасының жалпы жетістігіне өз үлесін қосты. Бір алтын, бір қола – қала спорты үшін маңызды нәтиже.
Төрехан Сабырханның Азия чемпионы атануы мен Начын Куулардың жүлдеге қол жеткізуі – жас спортшылар үшін үлкен үлгі. Бұл жеңістер Шымкентте спорттың дамуына, өскелең ұрпақтың салауатты өмір салтына қызығушылығын арттыруға және жаңа чемпиондардың қалыптасуына серпін беретіні сөзсіз.
Шымкенттік спортшылардың Азиададағы жеңісті жолы – ел спортының халықаралық аренадағы беделін арттырған айтулы жетістіктердің бірі.









