
Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі - Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Төрағасы Әсет Ерғалиев Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Бас статистигі, Статистика және деректер директоратының басшысы Стив Макфилимен және Қазақстан бойынша шолу жөніндегі сарапшылар тобының жетекшісі Жюльен Дюпонмен кездесу өткізді.
Тараптар ЭЫДҰ биыл аяқтаған Қазақстанның ұлттық статистикалық жүйесіне шолу нәтижелерін және ынтымақтастықтың алдағы бағыттарын талқылады.
Шолу барысында Қазақстанның ұлттық статистикалық жүйесінің ЭЫДҰ Кеңесінің тиісті статистикалық практика жөніндегі ұсынымына сәйкестігі бағаланды. Шолу қорытындысы бойынша ЭЫДҰ Қазақстанның айтарлықтай ілгерілегенін атап өтті: қарастырылған бағыттардың басым бөлігі бойынша ресми статистика Ұйымның озық практикаларына толық сәйкестікке жақын.
Құқықтық және институционалдық негіздің дамуы, деректер сапасын басқару тетіктері, халықаралық стандарттарды енгізу, статистикалық тіркелімдерді цифрландыру, сондай-ақ әкімшілік және баламалы деректер көздерін пайдалану оң бағаланды. Еңбек нарығы, сыртқы сауда, төлем балансы статистикасы және халықтың әл-ауқатын өлшеу салаларындағы ілгерілеу ерекше атап өтілді.
«Шолудың аяқталуы – алға жасалған елеулі қадам. Біз ЭЫДҰ-мен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге, оның ішінде статистикалық жүйені дамыту саласында ғана емес, реформалардың басқа да бағыттары бойынша жаңа бірлескен бастамаларды іске асыруға мүдделіміз», – деп атап өтті Әсет Ерғалиев.
Кездесу барысында Қазақстанның ЭЫДҰ-ның Статистика және статистикалық саясат комитетінің қауымдастырылған мүшесі мәртебесін алуға берген өтінімі де талқыланды. ЭЫДҰ өкілдері, оның ішінде Комитет пен бейінді жұмыс топтары шеңберінде өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екенін білдірді.
Халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын өлшеу мәселелері бойынша ЭЫДҰ-ның WISE орталығымен ынтымақтастық перспективалы бағыт ретінде айқындалды.
2026 жылдың соңына дейін Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы ЭЫДҰ ұсынымдарын іске асырудың орта мерзімді жоспарын әзірлейді. Жоспарда өзара іс-қимылдың алдағы бағыттары да егжей-тегжейлі айқындалады.









