Ұстаз мәртебесі биіктеген күн

    Ұстаз мәртебесі биіктеген күн

    Павлодарда Ұстаздар күні ерекше құрметпен аталып өтті. Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында «Ақыл. Ізгілік. Мәңгілік» атты салтанатты іс-шара өтіп, білім мен тәрбие саласында талмай еңбек етіп жүрген педагогтерге құрмет көрсетілді.

    Мерекелік жиынға Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, педагогтер, педагогикалық еңбек ардагерлері қатысты.

    Салтанатты шарада сөз алған облыс әкімі ұстаз еңбегінің ұрпақ тәрбиесіндегі айрықша маңызын атап өтті.

    – Баршаңызды төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Білім нәрін сусындатқан аяулы жандар «Ұстаздың сөзі – санаға сәуле, тәрбиесі – жүрекке із, ал білімі – болашаққа жол» деген халқымызда жақсы сөз бар. Әрбір ақылды жүрек пен саналы ұрпақ өз ұстазының есімін мәңгі қадірлеп, ұстаздық жолдың қасиетін биік ұстайды. Мерекелеріңіз құтты болсын! Баршаңызға мықты денсаулық, шаңырақтарыңызға шаттық, бақ-береке тілеймін, – деді Асайын Байханов.

    Ұстаз мерейін үстем еткен кеште облыстық «Жыл мұғалімі – 2026» және «Мектепке дейінгі ұйымның үздік педагогі – 2026» кәсіби байқауларының жеңімпаздары анықталды. Бұл сайыстар педагогтердің кәсіби әлеуетін арттырып қана қоймай, озық тәжірибені кеңінен насихаттап, ұстаз мәртебесін көтеруге бағытталған.

    Биылғы додада Бас жүлдеге лайық деп танылғандардың қатарында Баянауыл ауданының «Шағала» балабақшасының тәрбиешісі Өміртай Майгүл болды. Ол «Мектепке дейінгі ұйымның үздік педагогі – 2026» байқауында топ жарып, үздік нәтиже көрсетті.

    Ал «Жыл мұғалімі – 2026» облыстық байқауының Бас жүлдесі дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейінің физика пәні мұғалімі Мендыбаев Жасұланға бұйырды. Ұстаздың кәсіби білімі, ізденісі мен шәкірттеріне деген жауапкершілігі жоғары бағаланды.

    – Бұл жеңіс – мен үшін үлкен жауапкершілік. Ұстаздық жолдағы әрбір жетістік шәкірттің жетістігімен өлшенеді. Сондықтан алдағы уақытта да білім сапасын арттыруға, оқушылардың ғылымға деген қызығушылығын оятуға бар күшімді саламын, – деді Жасұлан Мендыбаев.

    Салтанатты жиында білім беру саласының бірқатар өкілі Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің және Павлодар облысы әкімінің наградаларымен марапатталды.

    «Ақыл. Ізгілік. Мәңгілік» атты мерекелік кеш ұстаз еңбегінің уақыт өткен сайын қадірі арта түсетінін тағы бір мәрте көрсетті. Себебі елдің ертеңін қалыптастыратын әр шәкірттің артында білім беріп қана қоймай, бағыт-бағдар көрсеткен ұстаз тұрады.

    Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасып, ұстаздар қауымына көтеріңкі көңіл күй мен ерекше мерекелік әсер сыйлады.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    ""Павлодар облысының білім беру басқармасы" мемлекеттік мекемесі" жаңалықтары