
Астанада есірткіге тәуелділіктің алдын алуға және жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған «Еріктілер есірткіге қарсы» волонтерлік жобалар мен әлеуметтік бастамалар байқауы өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Байқауға белсенді волонтерлер, волонтерлік жасақтардың көшбасшылары және есірткіге тәуелділіктің алдын алу, психобелсенді заттардың таралуын азайту бағытында әлеуметтік жобалар ұсынғысы келетін қала тұрғындары қатыса алады.
Қатысушылар жеке автор ретінде немесе волонтерлік топ не жасақ құрамында өтінім бере алады. Байқауға 14 жастан бастап Астана қаласының тұрғындары қатысады. 14-18 жас аралығындағы қатысушылар үшін заңды өкілінің жазбаша келісімі қажет.
Жоба ұсынысында оның атауы, өзектілігі мен шешілуі тиіс мәселенің негіздемесі, мақсатты аудиториясы, іске асыру тетігі мен кезеңдері көрсетілуі қажет. Сонымен қатар күтілетін нәтиже, өлшенетін көрсеткіштер және жобаны іске асыруға қажетті ресурстар қамтылуы тиіс.
Жобаның мақсатты аудиториясы ретінде мектеп оқушылары, студенттер және тәуекел топтары қарастырылуы мүмкін. Нәтижелілікті бағалау үшін жобаның қамту көрсеткіші, өткізілген дәрістер саны, жойылған граффити-сілтемелер секілді нақты көрсеткіштер ұсынылуы керек.
Байқаудың жүлде қоры:
• 1-орын – 150 мың теңге;
• 2-орын – 100 мың теңге;
• 3-орын – 50 мың теңге.
Қалған қатысушыларға атаулы электрондық сертификаттар беріледі.
Өтінімдер 22 қыркүйектен 20 қазанға дейін қабылданады. Құжаттарды қабылдау 20 қазан күні Астана уақыты бойынша сағат 23:59-да аяқталады.
Байқауға қатысу үшін жоба ұсынысын А4 форматында, көлемі 7 бетке дейін, Arial 12 қарпімен, 1,15 жоларалық интервалмен дайындау қажет. Жоба Word немесе PDF форматында өтініммен және қажетті құжаттардың көшірмелерімен бірге [email protected] электрондық поштасына жіберіледі.
Электрондық хаттың тақырыбында «ВОЛОНТЕРЛІК БАЙҚАУҒА ӨТІНІМ: ҚАТЫСУШЫНЫҢ АТЫ-ЖӨНІ (немесе ЖАСАҚ/ТОП АТАУЫ)» деген белгі көрсетілуі тиіс.
Байқау туралы қосымша ақпаратты +7 707 746 4760 телефон нөмірі немесе [email protected] электрондық поштасы арқылы алуға болады.








