Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды

    Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды

    Ақмола облысының педагогикалық қауымдастығында Бейбіт Айтымұлы Жүсіповті білмейтін жан кемде-кем. Оның қырық жылдан астам уақытты қамтитын еңбек жолы білім беру саласы мен мемлекеттік қызметпен тығыз байланысты.

    Бейбіт Жүсіпов 1961 жылы Зеренді ауданының Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. Білімі бойынша - математика және физика пәндерінің мұғалімі.

    Оның өмірінде мамандық таңдауына бағыт-бағдар беріп, еңбекке деген көзқарасының қалыптасуына ықпал еткен ұстаздардың орны ерекше. Бейбіт Айтымұлы бүгінде де өзіне білім мен тәрбие берген ұстаздарын ерекше ықыласпен еске алады.

    Болашақ мамандығына жол ашқан ұстазы ретінде сынып жетекшісі Тұрсын Естайқызын атайды. Оның математика пәніне деген қызығушылығын оятып, осы бағытқа бет бұруына ықпал еткен де осы ұстазы. Сондай-ақ орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Шолпан Мұратқызын да зор құрметпен еске алады. Бейбіт Айтымұлының айтуынша, олар - шәкірт тәрбиесі мен біліміне бар ғұмырын арнаған, өз ісіне шын берілген ұстаздар.

    Өмір жолында айрықша із қалдырған жанның бірі - Тиыштық Мұқатовна Ахметова.

    «Сондай-ақ өміріме жаңа серпін беріп, үлкен өмір жолына бағыттаған, дұрыс шешім қабылдауыма үнемі қолдау көрсеткен Ахметова Тиыштық Мұқатовнаның орны ерекше. Ол кісінің әр сөзі мен кеңесі – жүрекке жылы, өмірлік мәні зор еді», — деп еске алады Бейбіт Айтымұлы.

    Еңбек жолын ұстаздықтан бастаған Бейбіт Жүсіпов кәсіби білімі мен біліктілігінің, ұйымдастырушылық қабілеті мен іскерлігінің арқасында білім беру жүйесінің түрлі сатыларынан өтіп, жауапты қызметтер атқарды. Қай қызметте де оны бастамашылдығы, стратегиялық ойлау қабілеті, өзіне де, өзгеге де қоятын талабы және ең бастысы - өз ісіне деген адалдығы мен ел мүддесіне деген жауапкершілігі ерекшелендірді.

    Оның кәсіби қызметіндегі маңызды кезеңдердің бірі - Ақмола облысының білім басқармасын басқарған жылдары. Бұл кезеңде білім беру саласын дамытуға бағытталған бірқатар жүйелі жұмыстар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы нығайтылып, білім сапасын арттыруға, инклюзивті оқытуды дамытуға, білім беру инфрақұрылымын жетілдіруге және педагог мәртебесін көтеруге бағытталған жұмыстар жүргізілді.

    Бейбіт Айтымұлының басшылығымен өңірдегі білім беру саласын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылды.

    Сонымен қатар педагогикалық қауымдастықпен ашық диалог орнатуға ерекше мән берілді. Бейбіт Айтымұлы саладағы өзекті мәселелер бойынша тікелей эфирлер өткізіп, білім басқармасының Telegram-арнасы мен колл-орталығының жұмысын жолға қойды. Бұл тетіктер педагогтерден, ата-аналардан және қоғам өкілдерінен кері байланысты жедел алуға, оларды толғандырған мәселелерге дер кезінде назар аударуға мүмкіндік берді.

    Бүгінде Бейбіт Айтымұлы өңір игілігі жолындағы еңбегін Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы ретінде жалғастырып келеді. Бұл қызметте ол облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына, азаматтық қоғамды нығайтуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамаларды жүзеге асыруға белсенді атсалысуда.

    Әріптестері мен қоғам өкілдері оны принципшіл, талапшыл әрі әділ басшы ретінде бағалайды. Оған жүктелген міндеттерге әрдайым жоғары жауапкершілікпен қарап, маңызды мәселелер бойынша байыпты шешім қабылдай біледі. Жылдар бойы жинақтаған мол кәсіби тәжірибесі, басқарушылық білімі мен өмірлік ұстанымы өңірдің одан әрі дамуына қатысты маңызды шешімдер қабылдауға мүмкіндік беріп келеді.

    2026 жыл Бейбіт Айтымұлы үшін ерекше жыл болды. Биыл Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Құрмет» орденімен марапатталды. Ал Ұстаздар күнінде оның көп жылғы еңбегі «Еңбек ардагері» медалімен атап өтілді.

    Бұл марапаттар - Бейбіт Айтымұлының ұзақ жылғы еңбегіне берілген жоғары баға ғана емес, білім беру саласына, өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен болашағына және туған өңірінің дамуына ғұмырын арнаған азаматқа көрсетілген зор құрметтің белгісі.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақмола облыстық мәслихаты" жаңалықтары