
Отын-энергетика кешенінде жасанды интеллект негізінде шешімдерді енгізудің экономикалық әсері шамамен 23 млрд теңгені құрайды. Бұл туралы энергетика министрі Ерлан Ақкенженов туындаған проблемаларға ден қоюдан оларды болжауға көшуге мүмкіндік беретін цифрлық технологияларды енгізу тәсілдерін ұсына отырып хабарлады. Digital Qazaqstan стратегиясы шеңберінде Министрлік үш негізгі бағыт бойынша 20 іс-шараны жүзеге асыруда. Олар – цифрлық телнұсқа, жасанды интеллект және киберфизикалық қауіпсіздік. Бұл жұмыстар 2029 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Нәтижесінде нысандардағы апаттылықты 25%-ға төмендету, ал энергия ресурстарының шығындарын 90%-ға дейін қысқарту көзделген. Бүгінде салада 45 жасанды интеллект жобаларынан тұратын портфель қалыптастырылды. Оның ішінде 34-і енгізу сатысында. Мұнай-газ саласында жасанды интеллект мұнай өнімдерінің айналымын жоспарлауға көмектеседі. Дәлдігі – 85%-ға дейін, экономикалық әсері – жылына 22,5 млрд теңгеге дейін. Энергетика саласында жасанды интеллект өндірістік қауіпсіздікті арттыруға бағытталған. Газ саласында жасанды интеллект тұтынуды болжауға қолданылады. Дәлдігі – 86 %-ға дейін, экономикалық әсері – жылына 300 млн теңге. Өндірістік оқиғаларды 78%-ға дейін төмендету, жылына 370 млн теңге әсер күтіледі.
«Үш шешімнің жиынтық экономикалық әсері – жылына шамамен 23 млрд теңгені құрайды»,
— деді Ерлан Ақкенженов. Жыл соңына дейін Энергетика министрлігі уәкілетті мемлекеттік органмен бірлесіп жасанды интеллект негізінде шешімдердің басым тізілімін бекітуді жоспарлап отыр. Бұл кәсіпорындарға табысты жобаларды бүкіл салаға кеңейтуге мүмкіндік береді. Цифрлық телнұсқа өндіріс орындары туралы деректерді біріктіруге және қабылданған шешімдердің салдарын алдын-ала бағалауға мүмкіндік береді. «Ембімұнайгаз» кен орнындағы пилоттық жоба қабат, ұңғымалар және өндірістік инфрақұрылым туралы деректерді біріктіреді. Шешімді кеңінен енгізу нәтижесінде мұнай өндіруді қосымша 2,9 млн тоннаға дейін арттыру көзделуде. Энергетика секторында Астана әкімдігімен бірлесіп елорданың энергетикалық кешенінің цифрлық егіздері әзірленуде. Күтілетін нәтиже – отын шығынын 2,5%-дан астамға үнемдеу. Кибер-физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету технологиялық жүйелерді киберқауіптерден қорғауды және нысандарды физикалық қорғауды қамтиды. Биыл Қазақ Ұлттық Университетінің базасында алғашқы салалық ENERFORT 2026 кибероқу-жаттығуы өткізілді. Оған 120-дан астам маман қатысты. Мұндай оқу-жаттығуларды жыл сайын өткізу жоспарланып отыр. Тағы бір бағыт – жабдықтың жай-күйін онлайн-мониторингтеу. Мұндай мониторингке қосылған негізгі жабдықтың үлесін 2026 жылғы 20%-дан 2028 жылы 70%-ға дейін ұлғайту жоспарлануда. Бұл ақауларды алдын ала анықтауға және жөндеуді жоспарлауға мүмкіндік береді. Бір мезгілде энергетикалық ресурстардың өндірістен тұтынуға дейінгі қадағалануы кеңейтілетін болады – 2026 жылғы 20%-дан 2028 жылы 80%-ға дейін. Ол үшін ұңғымадан жанармай құю стансасына дейін мұнай мен мұнай өнімдерінің қозғалысын есепке алуды енгізу көзделеді. @KZgovernment








