Абай облысында педагогтерге құрмет көрсетілді

    Абай облысында педагогтерге құрмет көрсетілді

    Бүгін Абай облысында ұстаздар күніне арналған «Ұстаз – болашақтың шамшырағы» атты салтанатты жиын өтті.

    Шараға облыс әкімі Берік Уәли қатысып, мұғалімдерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, жас ұрпақ тәрбиелеудегі еңбектеріне жоғары баға берді.

    «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаз мәртебесін көтеруге әрдайым ерекше көңіл бөліп келеді. Биылғы педагогтердің Тамыз конференциясында Президентіміз: «Ұлтымыздың келешегін айқындайтын тарихи өзгерістер табысты болуы үшін, ең алдымен, қоғамдық сана жаңғыруы тиіс. Бұл істе мәртебелі мамандық иесі – мұғалімнің рөлі айрықша маңызды» деп атап өткен болатын. Шын мәнінде, ұстаз – білім беріп қана қоймай, ұрпақтың дүниетанымын қалыптастыратын, оның бойына ұлттық құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді сіңіретін тұлға. Әлемді ең озық технологиялар өзгертуі мүмкін, ал адамның жүрегіне жол тауып, оның ой-санасына ықпал ету – нағыз ұстаздың қолынан келетін ұлы іс. Осы ретте білім беру саласында еселі еңбек етіп, кәсіби шеберлігімен және шәкірттерінің жетістігімен дараланған ұстаздарды қолдау мақсатында «Кемел ұстаз», «Болашаққа серпін», «Мамандыққа адалдық» стипендиялары тағайындалған болатын. Бүгінде ұстаздарға құрмет көрсету – сөзбен ғана емес, нақты істермен де жалғасып келеді. Жастардың сапалы білім алуына мүмкіндік жасау мақсатында биыл Абай облысының жастарына жоғары және арнаулы оқу орындарында білім алуға 200 грант бөлінді, оның ішінде педагогикалық мамандықтарға 34 грант қарастырылды. Бұл – білімге ұмтылған әрбір жасқа, ал сол жастарды тәрбиелеп отырған сіздерге көрсетілген қолдаудың бір көрінісі. Ұстазға көрсетілген құрмет – ұрпаққа көрсетілген құрмет. Білімді әрі білікті ұрпақ тәрбиелеп жүрген барша ұстазға еңбектері үшін алғысымды білдіремін», – деді Берік Уәли.

    Шара барысында өңірдің мұғалімдеріне мемлекеттік наградалар тапсырылды. Аягөз ауданындағы № 1 жалпы орта білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Салима Ахметова, Семей қаласындағы №6 гимназиясының директоры Айнагүл Исимбекова, Мақаншы ауданы Әсет Найманбай атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Жазира Саянова «Құрмет» орденімен марапатталды. Облыстың бірқатар педагогтеріне Оқу-ағарту министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин», «Еңбек ардагері» медалі, «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісі, «Орта білім беру ісінің үздігі» құрмет дипломы, Құрмет грамотасы және Оқу-ағарту министрлігінің Алғысы берілді. Сондай-ақ, «Абай облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі және облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталды.

    Ерекше атап өтерлігі, биыл облыста алғаш рет педагогтерді қолдау мақсатында арнайы стипендиялар тағайындалды. «Кемел ұстаз» номинациясы бойынша Жарма ауданы Маяковский атындағы орта мектебінің математика пәні мұғалімі Серікбек Қизатолла мен облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Білім-инновация» лицейінің география пәні мұғалімі Раушан Иманбаева марапатталды. Ал «Болашаққа серпін» номинациясы бойынша Ақсуат ауданы Қаныш Сәтпаев атындағы Жәнтікей орта мектебінің мұғалімі Бекзат Мерекенов және облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Білім-инновация» лицейінің мұғалімі Ильяс Сейілғазин стипендия иегері атанды. Сонымен қатар «Мамандыққа адалдық» номинациясы бойынша Аслаевтар әулеті стипендияға ие болды.

    Облыстың білім беру саласында бүгінде 17 мыңнан астам педагог еңбек етіп келеді. Педагогтердің 98 пайызы жаңартылған біліктілік санаттарына ие. Олардың қатарында 52 педагог-шебер, 2773 педагог-зерттеуші, 3301 педагог-сарапшы және 5720 педагог-модератор бар. Ал колледждерде 1639 педагог жас буынға кәсіби білім беріп, еңбек нарығына қажетті білікті мамандарды даярлауға өз үлесін қосуда.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Абай облысының әкімдігі" жаңалықтары