
Қараусыз қалған шәйнек, шамадан тыс жүктелген ұзартқыш немесе зақымдалған электр сымы – бір қарағанда күнделікті тұрмыста кездесетін қарапайым жағдайлар. Алайда осындай немқұрайлылық өрттің шығуына себеп болуы мүмкін.
ТЖД қызметкерлері тұрғындар арасында профилактикалық жұмыстарды күшейтеді. Мамандар аулалар мен тұрғын үйлерді аралап, тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тұрмыста өрттің алдын алу жолдарын еске салады.
Негізгі талаптардың бірі – ұзартқышқа шамадан тыс жүктеме түсірмеу және оған бірнеше қуатты электр құрылғысын қатар қоспау. Зақымдалған электр сымдарын, розеткалар мен электр желілерін пайдалануға болмайды.
Үйден шығарда шәйнек, электр плитасы және басқа да құрылғылардың өшірілгеніне көз жеткізіңіз. Зарядтау құрылғыларын да қажетсіз жағдайда тоққа қосулы күйде қалдырмаған жөн.
Ас үйде ерекше сақтық қажет. Дайындалып жатқан тағамды қараусыз қалдыруға болмайды. Тіпті бірнеше минутқа кету қажет болса да, алдымен плитаны өшіріңіз.
Өрт кез келген уақытта орын алуы мүмкін, алайда оның алдын алуға болады. ТЖД қызметкерлері тұрғындарды қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады. Бірнеше минуттық мұқияттылық үйді үлкен қауіптен сақтап қалуы мүмкін.









