
Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың теңгерімді саясатымен, ҚР Үкіметінің әр саланы қамтыған мемлекеттік кешенді бағдарламасымен еліміз дамудың, жаңғырудың даңғыл жолымен алға басып келеді.
Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ. Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәні – осы. Әділетті Қазақстан және адал азамат ұғымдары егіз құндылық ретінде әрдайым қатар жүруге тиіс. Шын мәнінде, адалдық жоқ жерде ешқашан әділдік болмайды. Әрбір адам ісі мен сөзі бір жерден шығатын адал азамат болса, әділдік орнайды», - деген болатын.
Қазіргі геосаяси жағдай, барлық елдерге тікелей, жанама негізде өз әсерін тіигзбей қоймасы белгілі. Мемлекетіміздің жүргізіп отырған теңгерімді, көпвекторлы, сындарлы саясатының нәтижесінде тұрақтылық, тыныштық салтанат құрған.
Қоғамда ізгілік пен келеңсіздік қатар жүретіні секілді, жемқорлық та еліміздің дамуын тежейтін жағымсыз құбылыс. Онымен күрес әрбір саналы азаматтың міндеті.
Біздің елімізде қазіргі заманға сай сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама жұмыс істейді, оның негізі «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» және «Мемлекеттік қызмет туралы» заңдар болып табылады. Президентіміз ұлттық қауіпсіздіктің тікелей қаупі болатын сыбайлас жемқорлықты жою бойынша нақты мақсаттар мен міндеттер қойып отыр.
Бүгінгі таңда мемлекеттік қызмет саласында барынша ашықтық қамтамасыз етілген. Мемлекет қызметшілер кірістерін уақтылы декларациялап отырады. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтерді алу процедурасының басым бөлігі электронды форматта көрсетіледі. Әлеуметтік сфераның базалық салаларында, білім беру мен денсаулық сақтауды қоса алғанда, электрондық түрде тиісті қызметтер көрсету сыбайлас жемқорлықты төмендетуге ықпал ететін болады. Ауданымызда Президенттік жастар кадр резерві жобасы арқылы конкурссыз мемлекеттік қызметке тұрып жатқандар да бар.
Сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік әрбір азаматтың ұстанымы, ал адалдық – мінез-құлық нормасы болуы тиіс. Бұл бағытта аудан әкімі аппаратының басшысы,Әдеп жөніндегі уәкіл ретінде ауданымыздағы дербес бөлім басшыларының, ауылдық округ әкімдерінің, бас маман, жетекші маман секілді жалпы мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексiн ұстануына ерекше бақылау жасайды.МамандарҚР мемлекеттік қызметшілерінің Этикалық кодексін білуіне құқықтық оқу шеңберінде дәрістерге қатысып отырады. Аудан әкімінің аппарат басшысы мемлекеттік қызметерлермен сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік бағытында 4 мәрте кездесу өткізді. Аудандағы жергілікті атқарушы органдар мен құқық қорғау органдары бірлесе отырып, Ақсуат, Екпін ауылдарында «Халық заңгері» акциясын ұйымдастырып, тұрғындарға қабылдау өткізді. Сонымен қатар, мектеп қабырғаларында, аудандық кітапханада «Саналы ұрпақ», «Адалдық сағаты», «Алдық алаңы», «Парасат жолы» жобаларымен бірнеше мәрте іс-шаралар өткізілді. Және де аудан әкімдігінің бірінші қабатында «Ашық әкімдік» фронт офисі жұмыс істейді. Онда әртүрлі мәселемен келген тұрғындарға тиісті құқықтық кеңестер беріліп, өтініштері қабылданып, жауапты мемлекеттік органдарға жіберіледі. Бюджет қаражатының жұмсалуына қоғамдық бақылау мақсатында «Ашық бюджет» порталында ауданның жергілікті атқарушы органдарының бюджеті туралы ақпараттар жүйелі жарияланып тұрады.
Азаматтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеті мен тұрақты иммунитетін қалыптастыру өте маңызды. Әлбетте, осы қабылданып жатқан шаралар мен атқарылып жатқан істер аудан тұрғындары үшін өмір сүруге қолайлы, адалдыққа негізделген сауатты да салауатты орта қалыптастыруға оң ықпалын тигізеді.Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін барлық амалдарды қолдануымыз керек. Сыбайлас жемқорлықпен күрес әр адамның азаматтық борышы деп білеміз.
Ерсін ЕСКЕНДІРОВ,
Ақсуат ауданының әкімі








